Ветеринардың жұмысын QR-код арқылы бағалауға болады
Енді ветеринарыңыздың жұмысын QR-код арқылы бағалай аласыз.
Бұған қоса жеке ақпараты мен байланыс номерін де бір жерден алуға мүмкіндік бар.
Мамандардың айтуынша, бұл мал дәрігерлердің шаруалармен байланысын нығайта түседі. Түркістан облысында таныстырылған жаңа үлгідегі ветеринарлық дәрігерлердің біркелкі жұмыс формасының басты ерекшелігі де осы.
Отырар ауданында Оңтүстік өңірінің ветеринарлары бас қосты. Келелі кеңесте түлік талғамайтын кеселдердің алдын алу мен тиімді күресудің жолдары талқыланды. Әрі көпшілік назарына сала қызметкерлерінің жаңа формасы таныстырылды.
Бекарыс Әбубәкір, ветеринар:
- Адамдармен жұмыс істеген кезде кейбіреулер сұрап жатады «нақты ақпаратты қалай аламыз» деп. Мынаған телефонын ашып, QR-код арқылы бәрін көре алады. Сонымен қатар бізге баға бере алады істеген жұмысымызға қарай және астына пікір қалдыра алады. Бұл басқарма құрылғалы бері бізге алғаш рет беріліп отырған форма.
Ветеринарлардың жұмысы ауқымды. Олар жануарларды емдеп қана қоймай, түрлі індетпен күреседі. Ол аздай өз міндетіне жатпайтын, қаңғыған ит пен мысықты аулаумен айналысады. Бірақ алатын жалақысы еңбегіне сай келмейді. Жиында заңға өзгеріс енгізу мәселесі де көтерілді.
Ғани Құрманбай, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
- Мәжіліске кіргізіп, заңға өзгеріс енген жағдайда ит аулау жұмыстарының бәрі жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Біздің мал дәрігерлер тек қана мал емдеумен, арудың алдын алу жұмыстарымен ғана айналысатын болады.
Заңға өзгеріс енсе, біздің мал дәрігерлердің жұмысы жеңілдейтін еді.
Семинарда ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау сынды маңызды тақырыптар да талқыланды.
Алтынбек Үркінбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
- Аталған заң жобасында процестерді цифрландыру, кадр даярлау жүйесін жетілдіру және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету арқылы ветеринария саласын реформаларуды көздейтін басқа да түзетулер қарастырылған.
Ермек Кенжеханұлы, облыс әкімінің орынбасары:
- Мал саны жыл сайын артып келе жатыр. Мал саны арқан сайын ветеринария қызметкерлеріне қойылатын талап күшейе береді. Оның уақытын барлығын қарастыруымыз керек. Оны шешудің бір жолы – жаңа технологияларды, сандық жүйеге көшіру арқылы сіздердің жұмыстарыңызды оңтайландыру мәселесі күн тәртібінде тұрған ерекше мәселенің бірі.
Жиын соңында ветеринария саласында ұзақ жыл тер төккен мамандар министрліктің құрмет грамотасымен, облысы әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Одан кейін жиынға келгендер тал егу рәсіміне қатысты.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш