ШҚО-да мемлекеттік тілді үйрететін клуб ашылады
Шығыс Қазақстан облысындағы Достық үйлерінде мемлекеттік тілді үйрететін «Кел Сөйлесейік» клубы ашылады.
Бұл туралы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының көшпелі отырысында белгілі болды. Бұл жолы жиын әдеттегідей Өскеменде емес, Риддер қаласында өтті. Мұндағы мақсат - ынтымақ пен бірлікті ту еткен ассамблея жұмысын шалғайдағы жұрт арасында насихаттап, атқарылған іс-шараларды таныстыру.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының қара шаңырағы саналатын "Достық үйі" алғаш рет ел шығысында ашылған. Қазір өлкеде 72 этно-мәдени бірлестік бар. Жыл сайын дамып келеді. Әсіресе ассамблея жанынан құрылған жастар театры белсенді. Осы күнге дейін ел, жер, тарих жайлы бірнеше қойылымды сахналаған.
Назерке Айдынова, ассамблея театрының жетекшісі:
- Облыстық Ассамблея халқының қолдауымен осы қазіргі таңда 4 жыл бойы жұмыс атқарып келеміз. Осы төрт жыл ішінде он қойылым көрермен назарына ұсынылды, он қойылым. Бірлікті нығайтуға достықты сенімділікті тұтас достықты нығайтуға осындай қойылымдарды қойып жатырмыз.
«Қазақстан Халқы Ассамблеясы халыққа жақын болуы тиіс. Әлемде геосаяси жағдай шатқаяқтап тұрған шақта ынтымақ пен бірлікті ұлықтаған ұйымның жұмысы әр адамға түсінікті болғаны жөн», - дейді сарапшылар. Демек кезекті сессияның Риддерде өтуі үлкен мәнге ие
Леонид Прокопенко, ҚР президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығы меңгерушісінің орынбасары:
- Сессияның облыс орталығында емес, осындай шалғайдағы шаһарда өтуін ерекше әрі ұтымды шешім деп санаймын. Бұл тәжірибені өзге де өңірлерде енгізу керек. Себебі әрбір тұрғын осы Қазақстан Халқы Ассамблеясының бар екенін сезіну керек. Оның мән-мағынасын жақыннан түсіне білу қажет.
Енді облыс әкімінің тапсырмасымен әр ауданда "Кел сөйлесейік" атты қазақ тілі клубы ашылады. Ол техникалық тұрғыда толық жабдықталады. Бұл Абай мен Шәкәрімнің, Мағжанның тілін меңгерем дегендерге зор мүмкіндік. Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин