Алматыда «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті
Қазақ әдебиетінің алтын коллекциясына баланған жинаққа Абай мұрасы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Дулат Бабатайұлының шығармалары енген.
Баспа сондай-ақ, Алашорда қайраткерлерінің, кеңестік дәуірдегі әйгілі қаламгерлердің және тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен, жас авторларының еңбектерін басып отыр. 35 кітап 35 авторға арналған. Әрқайсысы мың тиражбен шықты. Тұсаукесерде Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, баспа басшылығына арнаған құттықтау хатын оқып берді.
Ақберен Елгезек, ақын, «Абай» баспасының директоры:
- Бір айта кетерлігі баспаның өз қаражатымен шығарылып жатыр. Ешқандай бюджеттік ақшадан шығарып жатқан дүние емес. Неге десеңіз бүгінгі таңда кітап оқу сәнге айналып келе жатқан заман. Жастар көп оқиды, кітап жетпей жатады деп айтады. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз осындай қадамға барып тұрмыз.
Ерлан Жүніс, ақын:
- Менің де қосылғаныма өте қуаныштымын. Бұл өз уақытымыздың, өз заманымыздың бізге бір игілігі деп санаймыз. Баспа сұрағаннан кейін мен бірден бұрын да жарық көрген өлеңдерді бергеннен көрі жаңа дастандардың болғаны және алдында жүлделі болған поэмалардың кіргенін қаладым.