Ауыл шаруашылығы кооперативтері көбейеді
Елімізде 300 мыңға жуық шағын шаруа қожалық бар. Ал коперативтердің саны мыңға да жетпейді.
Мемлекеттік органдардың ресми дерегі болса әр қилы, бір-бірімен үйлеспейді. Оның үстіне тіркелген ұжымшарлардың көбі жұмысын тоқтатқан, салық төлемейді екен.
Бұл туралы сенат комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.
Министрлік жұмысына көңілі толмаған депутаттар "майда шаруа қожалықтарын біріктіретін кез келді" дейді.
Сол арқылы ауылдықтар қосымша субсидия мен мемлекеттік көмекті молынан ала алады. Бірақ, шаруалар бірігуге құлықсыз.
Сенаторлардың пайымынша, бұған ақпараттық жұмыстың аздығы себеп. Одан бөлек, кооперативтер туралы заңнаманың да кемшілігі көп. Сол үшін олқылықтарды заң тұрғысынан түзеу ұсынылды.
Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
- Кооперацияларды құруға байланысты біраз кемшіліктер бар. Салық кодексіне байланысты мәселелер, жер кодексіне байланысты мәселелер бар. Заңның өзінде де қазіргі талапқа сай келмейтін тармақтары бар. Оның бәрін айттық. Өйткені заңның өзі 2015 жылдары қабылданған. Оған өзгеріс енгізу керек.