Алматыда оқушылар сарайы жаңартылды

1983 жылы салынған ғимарат заман талабына сай жабдықталып, қосымша білім беру кеңістігі кеңейген.

Нақтырақ айтсақ, 100-ден аса жаңа бағыт ашылды. Олар Hi-Tech, креативті бағыттар, химия, физика, биология пәндерін тереңдетіп оқытатын зертханалар. Балалар гидропоникада өсімдік өсіріп, аэро-зымыран бағытындағы планетарийде ғарыш әлемін зерттейді. Ал дыбыс жазу және мультфильм жасау студиясында шығармашылықпен айналысады. Оқушылар сарайындағы үйірмелер күрделі жөндеуге дейін аптасына 8 мың бала қабылдаса, енді 15 мың жеткіншекке қызмет көрсете алады. Екі жылға созылған жөндеу жұмыстарына 5 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Заман талабына сай жасақталған тарихи ғимараттың келбеті сол күйінде сақталды.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни жаңа бағыттар болғаннан кейін, олардың көбісі электроникамен жұмыс істеуді қажет ететіндіктен біз электр желілерін толық жөндеуден өткіздік. Желдету, инженерлік желілер толығымен жаңартудан өтті. Осы балалардың тек жаңа бағытта жұмыс істеп қоюына зер салмай, сонымен қатар қауіпсіз орта қалыптастыруға да баса назар аудардық.