Кәріз жүйесі жоқ аудан
Жамбыл облысы Меркі ауданы орталығында кәріз жүйесі жоқ. Жетпіске жуық әлеуметтік нысаннан шыққан лас су аулада қазылған шұңқырға төгіледі.
Меркі аудандық ауруханасы 1983 жылы салынған. Сол кезде 1 гектар жерге 100 ге жуық септик қазылады. Ал қазір ол аумақ жеке үйлердің ортасында қалды. Қақпақсыз құдықтардың қоршауы да жоқ. Дәрігерлер ауруханадан шығатын қалдықты ауылдың сыртына, адам аяғы баспайтын жерге төгу керек дейді.
Мейрамбек Дамиров, Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:
- Фильтрациялық поляға қазіргі таңда біз барлығын қарастырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізейін деп жатырмыз. Ол үшін мемлекттік сатып алу порталынан жариялап, биылғы жылы ағымдағы жөндеу жұмысын өткіземіз. Қосымша фильтрация жасалынады. Сосын өзіміздің белгіленген жердің қоршауын жасаймыз.
Мына 16 пәтерлі үйдің тұрғындары да кәріз жүйесінің жоқтығынан, қиындық көріп отыр. Мұндағылар сарқынды суды амалсыз аулаға төгеді.
Бәтима Еңсебекова, ауыл тұрғыны:
- Мына жерде 16 квартира болса, соның көп болса екеу үшеуінде туалет іште. Қалғанының бәрі далада тұр міне. Мынау жарасымсыз ғой енді. Кір жуатын жер бар, сол судың бәрі соған кетіп жатыр. Ол қайде екенін білмейміз де.
Аудандық әкімдік, мектеп, халыққа қызмет көрестетін 70-ке жуық әлеуметтік нысан қалдық суды септикке төгеді. Аудан билігі мәселені шешу үшін жоба жасап жатырмыз дейді.
Қайрат Арғымбаев, аудан әкімінің орынбасары:
- 30 миллион қаражат бөліп, жобалық-сметалық құжаттары қазіргі күнге аяқталу үстінде. Содан енді келесі жылға біз өзіміздің жобамызды жоғары тұрған бюджетке ұсынамыз. Алдағы уақытта ауданда кәріз жүйесі құрылысын жүргізеді деген жоспарымыз бар.
Алдын ала есеп бойынша аудан орталығына 90 шақырымға жуық кәріз желісі қажет. Оған қоса қалдық суды тазарту станциясын салу жоспарда бар. Жоба құны 1 миллиард теңгеден асады. Аудан билігі бұл соманы аудандық бюджет көтере алмайды, - дейді. Сондықтан республикалық бюджетке сұраныс бермек.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, «Хабар-24», Жамбыл облысы.