«Жан шуақ» сыйлығы табысталды
«Жан Шуақ». Елордада осындай атаумен қоғамдық сыйлықтың лауреаттары анықталды.
Оған еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түскен. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңге көлемінде қаржылай сый табысталды.
«AMANAT» партиясының қолдауымен өткен шараны Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырды. Оған арнайы қатысқан Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау үкімет назарында екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы Президент тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі Омбудсмен институты жұмыс істеп жатқанын атады.
«Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы қызметке кірісті. Оның құрамында 19 депутат бар. Өңірлік мәслихаттарда ерекше қажеттілігі бар 71 депутат өз міндеттерін атқарып келеді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы:
- Біз қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағынасында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары.