Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Абай облысының полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әдісін ұсынды.
Енді тұрмысы нашар әрбір отбасына жауапты тұлға бекітіледі. Ал тың тәсілді жүзеге асыру үшін қоғамның көмегіне жүгінбек.
Отбасындағы кикілжіңді шешуге волонтерлар, қоғам белсенділері мен депутаттар атсалысады.Ескі мәселеге жаңаша көзқарас керектігі Полиция департаментінің үйлестіру кеңесінде сөз болды. Облыстың бас полицейі қамқорлыққа алу тәжірибесін ұсынды.
Бектөре Сұлтан, Абай облысы ПД бастығы:
- Біз мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, білім мен спорт басқармасынан және “Аманат” партиясынан, қоғам белсенділері мен жоғары оқу орындарының жетекшілері басқа да жауапты тұлғаларды әрбір отбасын қамқорлыққа алуға бекітуді ұсынамыз.
Бұл жерде кешенді іс-шара жатыр. Ол алкогольге тәуелділіктен емдеу, жұмыспен қамту, балабақшаға, мектепке орналастырып, спорттық секцияларға тарту.
Бектөре Сұлтан, Абай облысы ПД бастығы:
- Аталған мәселелерді ерте бастан анықтағанда ғана тұрмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесеміз деп ойлаймын.
Жыл басынан бері Абай облысында үй ішіндегі ұрыс-керіске байланысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Екі мыңдай әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліпті. Үш мыңға жуық агрессорға туғандарына жақындауға тыйым салынды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Әсем Өтешова, Берік Жобалаұлы