Шымкентте бала күтімімен отырған аналарға 14 млрд теңге жәрдемақы берілді
Биыл Шымкентте бала күтімімен үйде отырған аналарға 14 миллиард теңгеге жуық жәрдемақы берілді.
Ай сайынғы әлеуметтік төлемге бағытталған бұл қаражат жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалған. Сондай-ақ 7 мыңнан астам жұмыссыз ана бала саны бойынша жәрдемақыға ие болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік төлем 1,5 жылға ұзартылып, қолдау қаржы көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.
Бала күтіміне байланысты үйде отырған Әйгерім Алтаеваға жәрдемақының өзі жақсы қолдау болды. Айтуынша, төртінші перзенті үшін ай сайынғы төлем мерзімі автоматты түрде ұзартылып, мөлшері де артқан. Енді 32 жастағы жас ана мейлінше балаларының жанында болып, бар мейірімін арнағысы келеді.
Әйгерім Алтаева, қала тұрғыны:
- Ол да жақсы көмек болды негізі. Өйткені оған дейінгі балдарыма 1 жасқа дейін алған едім. Одан кейін 1 жасқа толған кезде балабақша, мектеп дегендей, әрі-бері жүру соларды уайымдап жұмысқа шығатын едік асығып. Балаларға жөндеп қарай алмай.
Шымкентте барлығы 44 мыңға жуық ана бала күтіміне байланысты жәрдемақы алды. Жұмыс істейтін 36 мыңнан астам адамға Әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төлем жасалды. Олардың соңғы 24 айдағы орташа табысы есептеліп, жалақысының бір бөлігі тағайындалған.
Досбол Тілләбеков, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" қалалық филиалының директоры:
- Биылғы 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 36 мың 644 адам бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алды. Жалпы сомасы 13,7 млрд теңгені құрады. Былтыр жалпы берілген сома 8,8 млрд теңгені құрады.
Жұмыссыздар да жәрдемақыға иек арта алады. 7 мыңнан астам анаға бала саны бойынша әлеуметтік төлем жасалған. Азаматтық қоғам өкілдері жардемақы мерзімінің ұзартылуы жанұяның әл - ауқатына да оң әсер еткенін айтады. Нәтижесінде декреттік демалыстағы аналар отбасына ұзағырақ көңіл бөліп, өзін дамытуға ден қойған. Психологиялық кеңес, бизнеске бағдар, іскер әйелдермен тәжірибе алмасу арқылы мемлекеттік бағдарламалардың өзге де шарапатын сезіне бастады.
Баян Жандосова, қалалық әйелдер кеңесінің төрағасы:
- Бақытты жанұя деген отбасы орталықтары ашылды. Ол жерде психологтар жұмыс істейді. Жас аналармен, қиын жағдайға түскен аналармен мен де жұмыс істеймін. Мен ойлаймын ажырасу мәселелері азаятын шығар. Өйткені 1,5 жыл ана өзінің баласының қасында отырады. Тағы өзінің жәрдемақысын алады. Үйге кішкене болса да жәрдем ғой. Жолдасы жұмыс істеп жатса, баланы өсіруге уже жағдайлары бар.
Елімізде 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін заңнамалық түзетулерге қол қойылды. Осылайша отбасының цифрлық картасы әзірленіп, әлеуметтік Кодекс күшіне енді. Мамандар бұл өзгерістердің демографиялық жағдайға жақсы әсер ететінін айтады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов