Темірбек Жүргенов ауылына жаңа мектеп қажет

Ақтөбе облысының Темірбек Жүргенов ауылында 200-ден астам бала басыбайлы білім ұясының болмауынан жергілікті колледжге қарасты ғимараттың бірінде оқып жүр.

Себебі бұрынғы мектеп әбден тозған соң жабылып тынған. Ал мәселені шешу үшін жаңа нысан салу қолға алынды.

Комсомол орта мектебі оқушыларының бұл жатақханада оқып жатқанына екі жылдан асқан. Ғимарат көпсалалы колледжге қарайды. Бірақ, мұғалімдер кейбір пәндер бойынша білім беруде ыңғайсыздық барын жасырмайды.  
Марат Нажмадин, Комсомол орта мектебінің мұғалімі:
- Қазіргі таңда 230 оқушы білім алып жатыр. Оқушылар өздеріне ыңғайлы жер, кең жер, бала болғасын жүгіріп ойнап, қоңырауларда солай жасағысы келеді. Бірақ өзіміздің жеке спорт зал болмағандықтан, кей кезде колледждің сабақ кестелерімен келіңкіремей жатады. Бірақ барынша өзімізге реттеуге тырысамыз. Жақсы мектеп, жайлы мектеп болғанын қалаймыз.

Мектеп ұжымы мен оқушылар мұнда басқа амалдың болмауынан көшірілген. Себебі, бұрынғы білім ұясы көнерген соң, онда бала оқыту да қауіпті болған. Қабырғалары тозып, спорт залының едені де сыр берген көрінеді. Сондықтан арнайы мамандардың тексеруінен соң, оны жабу туралы шешім қабылданған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Бұл мектеп 1962 жылы салынған. Аудан орталығындағы ең көне ғимараттың бірі. Осыған дейін бірнеше рет күрделі жөндеуден өткен. Алайда әбден тозығы жеткен соң, осыдан 3 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған.    

Бұл мәселені шешу үшін қазір Жүргенов ауылында 270 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан өзге, 60 балаға арналған ауласында интернаты да болады. Нысанды тұрғызу үшін 1 млрд 800 млн теңгесінде қаржы қаралған. Нәтижесінде, ерекше білім ұясы бой көтереді.

Ғали Әбдірауық, учаске басшысы:
- Мектептің спорт залы бар, акт залы бар үлкен. Бірінші сыныпқа дейінгі бүлдіршіндердің ойын алаңы, 1-4 сынып оқушыларының ойын алаңы бөлек, 5-7, 7-9 сынып арасын ойын алаңдары бөлек. Ауланы да абаттандырып, толық ішін қамтамасыз етіп, бүкіл жиһазымен бұйыртса тапсырамыз.

Серікқали Мамбетов, Әйтеке би аудандық білім бөлімінің заңгері:
- Құрылыс сапасы қадағалануда. Жалпы жақсы жағдайда салынып жатыр. Негізі балалардың осы мектепте оқиды деген үміттеміз енді.

Нысан құрылысы былтыр басталған. Жоспар бойынша келер жылы қыркүйекке дейін салынып болады. Ал Әйтеке би ауданы бойынша бүгінде апатты мектеп жоқ. Дегенмен, биыл екі білім ұясы күрделі жөндеуден өткен.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев