Жол құрылысында қолдан жасалған қымбатшылыққа жол берілмейді

Көлік министрі Қызылордада мердігерлермен өткен кеңесте осыны жеткізді.

Марат Қарабаев Жезқазғаннан Қызылордаға дейінгі республикалық маңызы бар жолды тексеру үшін сапарға әдейі автокөлікпен шыққан. Айта кетейік, «Қызылорда-Жезқазған» құрылыс жобасына 6 учаске кіреді. Екі жыл бұрын 67-ші шақырымнан 216-шы шақырымға дейінгі төрт учаскені жөндеу бойынша келісімшарт жасалған еді. Мердігерлер 2024 жылы бұл жобаны толық аяқтауы тиіс.

Алайда конкурсты өткізу мен оны қаржыландыруға қатысты кілтипаң шықты. Мердігерлер биыл мамырда келісім жасаған 2-ші учаске бойынша жобаның құнын ұлғайтуды сұрап отыр. Көлік министрі енді мұндай жымысқы әрекеттерге жол берілмейтінін, келісімшарт бойынша өз жұмысын атқара алмаған мердігерлердің жаңа жобаларға қатыспайтынын айтып ескертті.