Өскемен қаласының хостелдерінде олқылықтар анықталды

Электр желілеріндегі ақау, апат болған жағдайда эвакуациялық есіктердің жабық болуы мен желдету жүйесінің істен шығуы.

Осындай олқылықтар Өскемен қаласының қонақүйлері мен хостелдерінде анықталды. Арнайы рейдті төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өткізді.

Бұл – облыс орталығындағы хостелдердің бірі. Мамандар тексеріс барысында электр желілеріндегі ақауларды анықтады. Сондай-ақ апатты жағдайда шығуға арналған есіктері жабық болып шықты.

Десе де құтқарушылар кәсіпкерлерді осындай салғырттық үшін жауапқа тарта алмайды. Айыппұл салу үшін демалушылар тарапынан арыз-шағым түсу керек. Оған қоса бизнес нысандарын тексеруге мараторий жарияланған. Сондықтан мамандар ескертумен шектелуге мәжбүр.

Нұржан Өміржанов, ТЖД басқарма бастығы:

- Көшіру жолдарының бөгеттелуі, алғашқы өрт сөндіуру құралдарының толық жабдықталмауы және өрт сөндіру жүйесінің істен шығуы. Бұл хостел иелерімен түсіндіру жұмыстары өткізілді, анықталған бұзушылықтар бойынша кеңес берілді. Және де рейдтік жұмыстар аяқталғаннан кейін талдау жасалып, осы нысандарды өрт қауіпсіздік жағдайға әкелуіне барлық жағдайлар қолданылатын болатын.

Өскеменде 11 жатақханамен қонақүй типіндегі 10 хостел заңды түрде жұмыс істейді. Ал бейресми дерек бойынша олардың саны әлдайқайда көп. Кей кәсіпкерлер бірнеше пәтерді біріктіру арқылы хостел ашып, нәпақа табуда. Бірақ, олардың барлығында бірдей өрт қауіпсіздігі ережелері сақтала бермейді.

Рустам Адамов, кәсіпкер:

- Хостелдер бойынша патент алу жүйесі жұмыс істеген. Бірақ бүгінде кәсіпкерлер бір подъездтегі пәтерлерді қосып, шағын қонақүй жасап алады. Келушілер бөлмелерді интернет арқылы жалға алады. Төлемді де онлайн түрде жасайды. Ал өрт қауіпсіздігі ережелері сақталды ма, жоқ па? Ол жағы белгісіз.

Тәжірибе көрсеткендей, демалушылар хостел бөлмелерінің қауіпсіздігіне мән бере қоймайды. Олар үшін жатын орын болса болғаны. Билығы жылдың алты айында еліміздегі хостелдер 106 мың адамға қызмет көрсеткен. Тұтынушылар саны жыл сайын артып отыр. Бұған қолжетімді баға себеп. Мамандардың айтуныша, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау кәсіпкерлер мен келушілердің ортақ мәселесі. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, дейді олар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин