Атырау облысындағы Исатай ауданына табиғи газ келді

Атыраудан 100 шақырым, ал аудан орталығынан 50 шақырым қашықтағы Қызылүй және Жасқайрат ауылдарының тұрғындары көгілдір отын тауқыметін тартып келген.

Биыл өңірлік бағдарлама аясында көптен күткен үміт ақталды. Шалғай елді мекендерге газдың тартылуынан тұрғындар тұрақталып, ата кәсіп жандана бастаған.

Қызылүй ауылының тұрғындары үшін қысқы отын мәселесі өте өзекті болатын. Енді ол толық шешімін тапты. Ауылға табиғи газ құбыры тартылып, 50-ге тарта отбасы оның игілігін көріп жатыр.

Гүлбану Нығмашева, Қызылүй ауылының тұрғыны:

- 10 жылдай токпен жылыттық. 380 мен. Оның да қымбатшылығы бар. 3 тарифпен төледік. Айына есептегенде 30-40 мыңдай қыста көп жаққанда 50 мыңдай шығып жүрді. Үйіміз жылы көріп жатырмыз игілігін Осы ауылда аналар бар өте қуаныштымыз, ауылға табиғи газ келіп осындай игілікке айналып жатқанына.

Қызылүй мен Жасқайрат ауылдарына табиғи газ желісін жеткізу жобасы 2021 жылы басталған. Өткен айда 1,5 млрд теңге болатын жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Көгілдір отынның жеткізілуінен бір кезде көшіп кеткендер қайтадан орала бастады. Олар үшін жаңа жер телімдері дайындалып жатыр.

Рашид Мұқанов, Исатай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қызылүй елдімекенінде үй салу үшін 33 жер теліміне инфра құрылым тартылып отыр. Оның ішінде ток көзі биыл тартылып, аяқталды. Алдағы жылдары газ желісі және су құбырын тарту жоспарлы түрде іске асырылады. Сонымен қатар Жасқайрат ауылында да сұраныс бар.

Осылайша Исатай ауданында табиғи газ жобасы толық аяқталды. Бұл ауыл тұрғындарының отынға қатысты мәселесін түбегейлі шешті. Негізінен мал шаруашылығын таңдағандар тұрмыстық жағдайдың төмендігінен қалаға көшкен. Енді туған топырағына оралып, ата кәсіпті қолға ала бастады. Биыл мемлекеттік бағдарламамен 8 адам жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин