Шымкентте құмар ойынға тәуелді тұрғындар саны артып барады

Оңалту орталығының мамандары осылай деп дабыл қағуда.

Айтуларынша еліміздің әр аймағынан емделуге келетіндер саны үш есе артып, медициналық және әлеуметтік сауықтыру шараларынан өтіп жатыр.

Құмар ойынның құрығында іліккендердің бірі – Қайрат. Оның жасы 45-те. Ол оңалту орталығында 5 ай бойы ем қабылдап жүр. Айтуынша бастапқыда темір автоматқа бар тапқанын салса, кейін казинодан бір-ақ шыққан.

Қайрат:
- Қазір соңғы уақытқа дейін Лото клубы бар, казиносы бар соны ойнап жүрдік. Интернетте де анда-санда ставка қойған уақыттар болды. Әр түрлі жаман ойлар келеді. Суицид дей ма, басқасы ма, заңбұзушылыққа бару. Психологиялық ауытқу болады да, кейін адам өз-өзін тоқтату мүмкін болмай қалады. Ия, бұлар қиын нәрсе.

Қазір Қайратпен психологтар жұмыс істейді. Ол смартфон мен интернетті сирек пайдаланып, өзін дамытуға ден қойды. Айтуынша, қызығушылық лудоманияның бастапқы сатысы болса, кейін құнығу сипатына ауысады. Сондықтан одан құтылу үшін ұзақ уақыт пен асқан төзімділік қажет деп есептейді. Құмар ойынның кесірінен соңғы 20 жылда қарызы 150 мың АҚШ долларынан асып кеткенін айтады.

Қайрат:
- Қарызданасың, ия. Үлкен қарыздар болады. Адамдардың сенімін жоғалтасың. Одан кейін қайтадан бастайсың. Ойнайтын адам мүмкін болған жердің бәрінен алынады ғой. Несие, займ дегендер. Қара тізімде болғаныма міне 15 жылдан асып кетті. Несие берілмейді маған қазір. Айналып тұра бересің ғой. Өмірге деген көзқарасыңды өзгертпей, қайталана беретін процесс қой.

Мамандардың айтуынша ойынқұмарлық жасқа қарамайды. Оңалту орталығына  келушілердің де қарасы көбейген. Мұнда Қазақстанның әр аймағынан 18-ден 47 жасқа дейінгілер арнайы келіп, медициналық және әлеуметтік сауықтыру шараларынан өтеді.

Артур Котенко, оңалту орталығының жетекшісі:
- 5 жыл бұрын жұмыс бастағанымда жылына 20 адам жүгінетін. Кейін 150 адамға дейін көбейді. Ал биыл 300 адамның өтінішін қабылдадық. Көбі құмар ойынның құрдымға құлататынын түсіне бастады.

Орталықтағы ем қабылдаушылардың қатарында есірткі мен алкогольге тәуелділер көп. Ойынқұмарлықтан күйзеліске түскендер іштегі ызасын заңсыз препараттарды қолданып, ұмытқысы келгенін айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Сарапшылардың пікірінше, лудомандардың көбеюіне құмар ойынның ашықтан-ашық жарнамалануы себеп. Оның үстіне шағын дүкендердегі ойын терминалы да көзге таңсық емес. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті биыл Шымкент қаласында заңсыз ойын бизнесіне қатысты 12 қылмыстық іс қозғады. Оның 9 сот қарауына ұсынылған.    

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов