13 облыста дауылды ескерту жарияланды

Көктайғаққа байланысты Астанадан 5 бағытта қатынайтын республикалық тас жолдары жабылды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жедел ақпаратына сәйкес, Қарағанды, Көкшетау, Астраханка, Қорғалжың және Шідерті бағытындағы жолдар жабық. Бұдан бөлек Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында да көліктердің жүруіне шектеу қойылған.

Жалпы «Қазгидромет» желтоқсанның 4-і мен 6-ы аралығында Астана, Шымкент қалалары мен елдің 13 облысында дауылды ескерту болатындығын жариялаған. Оңтүстік өңірлерде тұман түсіп, бұрқасын соқса, солтүстік аймақтарда жауын аралас қар жауып, көктайғақ болады.

Афродита Пирімжар, «Қазгидромет» РМК 1 санатты инженері:
- Аптаның басында республиканың батыс және солтүстік бөлігі циклонның және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдердің ықпалында болады. Жауын-шашын, жаңбыр мен қар түрінде күтіледі.