АЭС: Қытай тәжірибесі көпке үлгі
Қазақстанның түпкір-түпкірінде атом электр станциясы төңірегінде қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр.
Тыңдауда ел тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады.
Ал референдум уақыты кейін белгіленеді. Қазір реакторлық технологияны жеткізуші компаниялардың тізімі жасақталды. Құрылысқа қажетті құрылғылар Ресей, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея елінен жеткізіледі. Бұл орайда Қытай атом блоктарының саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Қазірдің өзінде аспан асты елі Қазақстанда заманауи АЭС салуға дайын екенін мәлімдеді.
Фуцзянь – Оңтүстік Қытай теңізін жағалай орналасқан елдің шығысындағы провинция. Мұнда «Чжанчжоу» атом электр станциясы орналасқан. Қазір елдімекенде Хуалун-1 технологиясы бойынша атом энергоблоктары салынып жатыр. Алғашқысы келер жылы, одан кейінгісі 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Ли Бин, «Чжанчжоу» АЭС басқарушы директоры:
-Жоба әзірлігіне шамамен 10 жылдай уақыт жұмсадық. Бастапқыда сарапшылар рұқсат алу үшін мемлекетпен келіссөз жүргізді. Кейін құрылыс басталатын аймақ толық зерттелді. Араға 5 жыл салып барып, 2019 жылы құрылыс басталды. Енді жоспар бойынша бізде 6 энергоблок салынады. Алдағы онжылда соңғысын аяқтаймыз деген жоспар бар. Жобаға 14 мыңдай жұмысшы тартылған.
Фуцзян блогынан тыс Қытайдың басқа да аймақтарында 24 энергоблок құрылысы жүріп жатыр. Мұнан бөлек 55 ядролық реактор жұмыс істейді. Ел үкіметі олардың санын 30 жылдан кейін 3 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл тәжірибе әлемнің өзге де мемлекеттерінде тәжірибеге енді. Мәселен, Пәкістандағы АЭС құрылысын Қытай жүргізген. Ал Қазақстанда станция салуға Қытайдың CNNC ұлттық компаниясы қызметін ұсынып отыр. Ол Хуалун-1 технологиясы негізінде жалпы қуаты 2400 мегаватты құрайтын 2 блок құрылысын жүргізуге әзір. Аталған технология 60 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Және ол табысты болмақ.
Жан Шаомин, «Циньшань» АЭС экономикалық жоспар бойынша директорының орынбасары:
-Атом энергетикасы қай жағынан да тиімді, әсіресе экономиканың өсуіне ықпалы орасан. Мәселен, 1 ғана АЭС жобасы аясында қажетті құрылғылар өндірісі мен құрылыс материалдары бойынша бірнеше жұмыс орны ашылады. Мұнан бөлек жергілікті билік салада мол тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттырады. Ал станция айналасында жол және өзге де инженерлік инфрақұрылым дами түседі.
Атом электр станциясының экологияға әсерін сарапшылар жоққа шығарды. Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер керісінше іргелес жатқан орман мен су айдындарындағы экожүйенің жақсарып жатқанын көрсетті. Ал жақын маңда қоныстанған халық атом электр станциясының пайдасын көрмесе зиянын сезінбегенін айтады.
Әсия Нұрлыбаева, Асем Хасенкызы