Ақтауда жылу жүйелері тексерілді
Ал Ақтауда арнайы құрылған жұмыс тобы үйлерді аралап, жертөледегі жылу тораптарын тексеріп жүр.
Олар баспанаға келіп тұрған жылудың қысымын өлшеп, қалыпты деңгейден аз немесе көп болу себебін анықтайды. Сонымен қатар тұрғындарға пәтердегі жылу батареяларын жабық күйде қалдыруға болмайтынын ескертті. Өйткені ол орталықтандырылған жылу жүйесінің жұмысына кедергі келтіреді.
Ақтауда 1217 көпқабатты үй бар. Соның 121-і қазандықтарға қосылған. Қалғанына жылу Маңғыстау энергокомбинатынан құбыр арқылы беріледі. Ал кейбір шағын аудандардағы жылудың тапшылығына жаңа үйлердегі қуатты сорғылар себеп, деп түсіндіреді мамандар. Олар әр тұрғын үй кешеніне барып, жылу торабының жұмысын реттеп жүр. Тексерістен кейін баспанаға келіп тұрған жылудың қысымын өзгертуге болмайды.
Нұрадин Көшербаев, қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
- «Каспий жылу, су арнасы» мекемесімен бірлесіп, ол қондырғыларға пломба салу жұмыстары жүріп жатыр. Ешқандай артық, артынан қайта ашып жіберу фактілері әзірге анықталған жоқ. 16-шағын ауданда жылу тораптарындағы автоматтандырылған қондырғыны реттеп, арнайы бригада жұмыс жасауда. 27-шағын аудандағы 38, 39, 40-шы үйлер, 51, 52-ші үйлердің жылу тораптарына реттеу жұмыстары жүргізіліп, ол үйлерге қазір штаттық режимде жылу беріліп тұр.
Жаңа шағын аудандардың салынуымен қала үлкейіп келеді. Сәйкесінше энергокомбинаттан берілетін жылуға сұраныс артқан. Мәселені шешу үшін әкімдігі жылу тапшылығы бар аудандарда 9 модульді қазандықты іске қосты. Оның біреуі бірнеше көпқабатты үйді жылытады.
Асқар Дүзмағанбетов "Каспий жылу, су арнасы" ММ бас инженері:
- Бұл жердегі мақсат - 10 шақты үйді қаланың магистраль линиясынан айырып тастап, осы қазандықпен жылумен қамтамасыз ету. Одан босаған азғандай болса да қуатын басқа да жылу жетіспей тұрған тұрғын үйлерге жеткізу. Ең алыс тұрған, жылу желісі қысымды жеткізе алмай жерлерге қойып жатырмыз.
Жұмыс тобы жылу тораптарын жылыту маусымы аяқталғанша тексереді. Мамандар түзетіп кеткен жылу қысымы өзгертілген жағдайда сервистік қызмет көрсетуші немесе мүлік иелерінің бірлестігіне тәртіптік шара қолданылады. Қазір Ақтауда тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстаумен 60 мекеме айналысады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев