Атырауда жаңа мектеп пайдалануға берілді
Мағжан Жұмабаев атындағы білім ұясы 1935 жылы салынған ескі ғимарат болған.
Биыл толық жөндеуден өтті. Енді оқушылар үшінші тоқсанды жаңа мектепте жалғастырады.
Бұған дейін Мағжан Жұмабаев мектебінің оқушылары өзге оқу ошақтарында білім алып жүрді. Бүгін балалар мен ұстаздар үшін көптен күткен қуанышты сәт болды. 326 оқушыға арналған жаңа мектеп екі қабаттан тұрады. Оның бірінші қабатында бастауыш сыныптардың оқу блогы, асхана, медициналық кабинет, спорт залы және тігін цехы секілді шеберханалар орналасқан. Заманауи үлгіде салынған мектептің ашылуына өңір басшысы арнайы келіп қатысты.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласына жастарымызға балаларға сапалы білім беру жөнінде көптеген тапсырмалар берген болатын. Соның бірі апатты мектептерді жою, сонымен қатар 3 ауысымды мектептерді жою. Енді жастарымыз осындай заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған, барлық стандарттарға сәйкес келетін мектепте тиісті деңгейде білім алып, әрқашан абырой биігінде болады деген ойдамын.
Ғимарат ерекше балалар үшін жедел саты және пандуспен жабдықталған. Жалпы биыл облыс бойынша 12 мыңға жуық оқушыны қамтыған 7 мектеп салынды. Құрылыс жұмыстары келер жылы да жалғасын таппақ.
Ерлан Сламбеков, білім басқармасының басшысы:
- 24-ші жылға біздің жоспарымыз бойынша 9 мектептің құрылысы басталады. 2027 жылға дейін жоспар құрылған болатын. Сол жоспар аясында 27 мектептің құрпылысы бітсе, сонымен үш ауысымды мектептердегі жағдай жөнге келеді.
Сондай-ақ, «Жайлі мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 12 жаңа мектеп салынуы тиіс. Оның төртеуі аудандарда бой көтереді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин