Алматыда «Желтоқсан ‒ ұлт тарихының жұлдызды айы» конференциясы өтті
Бұл айда қазақ халқының болашағына байланысты тағдыршешті оқиғалар болды.
Конференцияны осылай атауымыз сондықтан,-дейді ұйымдастырушылар. Әріден айтсақ, 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда екінші жалпықазақ съезі өтті. Онда Алаш автономиясы жарияланды. 1936 жылы желтоқсанда қабылданған конституция бойынша Қазақстан одақтас республика мәртебесін алды. «Қыстың алғашқы айы – ұлт тарихының жұлдызды сәті ғана емес, қасіретті айы»,-дейді тарихшы Хангелді Әбжанов. Өйткені 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ызғары әлі де жүректерден өшкен жоқ. Бұл оқиға егемендікке ұмтылған алғашқы қадам болды. Араға бірнеше жыл салып, 1991 жылы желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіз ел атанды. Конференцияға келген желтоқсаншылар мен тарихшылар кейінгі ұрпақ өкілдеріне азат ел болудың құндылығы туралы әңгімеледі.
Хангелді Әбжанов, профессор:
- Нарық тұсында біз көп қателік жіберіп алдық. Алдымен экономика одан кейін идеология деген сөз болып, бұл қателесудің нағыз өзі – экономика идеологиясыз ол нансоғардың ғана тірлігі. Ал идеология ұлттың бағытын, бағдарын, ұстанымын анықтап отырады, ұлтты ұлт қылып отырады. Жастар көп келіп отыр. Яғни біздің жастардың Тәуелсіздігімізге елдің бүгіні мен ертеңіне қызығушылығы, алаңдаушылығы бар деген сөз. Осылардың қызығушылығын, мүддесін біз жоғалтып алмаумыз керек.