Шығанақ ауылының тұрғындары сапасыз су ішіп отыр
Жамбыл облысындағы Шығанақ ауылының тұрғындары Балқаш көлінен алынатын сапасыз суды тұтынуға мәжбүр.
Себебі 500 млн теңгеге салынған су станциясының тазарту жүйесі жұмыс істемейді. Мәселені шешу үшін әкімдік 100 шақырым жерден су тасымалын ұйымдастырған. Бірақ ол да жеткіліктсіз.
Шығанақ ауылы Мойынқұм ауданындағы Жамбыл облысының ең шеткері жатқан елді мекендерінің бірі. Мұндағы 3 мың тұрғынды ауыз сумен қамту үшін 15 жыл бұрын Балқаштан су алатын станция салынған. Бірақ оның өзі тіршілік нәрін уақытпен береді. Әрі көл суын тазартатын сүзгі көптен бері істен шығып, тұрғындар ащы суды тұтынуға мәжбүр.
Рахымбай Түсіпов, Шығанақ ауылының тұрғыны:
- Қазір ішіп жатқан суымыз таза су емес. Балқаштың суы. Фильтр жасайды да, ол да істемей қалды. Басында болған сондай. Құр соны ішіп жатырмыз енді, оны елдің бәрі біледі. Шелекке қойсаңыз, мынадай батпақ шығады.
Жергілікті билік таза суды Шу қаласынан тасуда. Бірақ бірнеше цистерна кейде бұқараның барлығына жетпей қалады. Жұрт сонда амалсыз Балқашқа қайта беттейді.
Сажида Маратқызы, Шығанақ ауылының тұрғыны:
- Балықтың дәмі шығады, кейбір кезде. Адам да шомылады, шаға да шомылады. Соның арғы жағына барып аламыз енді. Жел болған күні оны тұндыру да қиын. Лай болып кетеді.
Осыған ұқсас проблема Шығанақпен қоса Балқаш көлінің жағасында орналасқан 4 ауылда бар. Сол елді мекендердің мәселесін шешу үшін биыл бюджеттен 312 миллион теңге бөліпті. Бұл қаражатқа көл суын тұщытатын құрылғылар алынбақ.
Сәбит Төлегенов, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары:
- Шығанаққа менің есебіммен, қазір мердігерлер жасап жатыр ғой, жұмысты бастап. Бірақ ол жердің ауа райының қолайсыздығына байланысты ақпанда жұмыс тоқтайды. 100 пайыз есептеп отырмыз, көктемде ауыз су құдай қаласа толық беріледі деп.
Тағы бір амал су құбырын ұзартып, сорғысын 21 метр тереңдікке көл түбіне тастау. Себебі Балқаштың суы жыл өткен сайын тартылып барады. Осылайша аудан басшылары келер жылы тұрғындарды тіршілік нәрімен 24 сағат бойы үздіксіз қамтимыз деп сендірді.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә