«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының І отырысы өтті
Әйелдердің саясатқа араласу аясын кеңейту, іскер әйелдерді қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту.
«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының І отырысында осы мәселелер сөз болды. Екі күнге жалғасқан шара аясында қатысушылар Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдер рөлін талқылады. Делегаттар Президент Жолдауы аясында, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасы шеңберінде ана мен баланың бақытты өмір сүруі үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайға назар аударды. Мәселен, бала күтіміне берілетін төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақы көлемі де өсті. Тағы 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы да іске қосылады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы ана мен баланы қорғау, отбасылық құндылықтар мәселесіне ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Айналып келгенде мемлекеттің де басты тірегі - бақытты, тату-тәтті отбасы. Сондықтан отбасындағы ізгілік, адамгершілік, сыйластық қарым-қатынасты берік сақтау маңызды. Мұның құндылығын сіздерден артық ешкім білмейді. Қазақтың қыздары отбасын да, Отанын да екі қолымен бірдей тербетіп отыр.
Анар Бексұлтанова, "Жан шуақ" сыйлығының лауреаты:
- Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру партияның алға қойған мақсаттарының бірі. Қашан да қоғамдағы әйелдердің алатын орны бөлек. Ол үйдің ұйытқысы ғана емес, ұрпақ тәрбиелеуші негізгі тұлға.