Ұлытауда мемлекет қолдауымен кәсіп бастаған жастар табысқа кенелуде
Ұлытауда мемлекет қолдауымен кәсіп бастаған жастардың алды табысқа кенеле бастады.
Солардың бірі - Жезқазғандық Фариза Мұсабек. Тігіншілікті енді қолға алған жас кәсіпкер, қазірдің өзінде брендтік киімдер тігеді. Әсіресе оның этно стильдегі киімдері жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі, шебердің қолынан шыққан заманауи үлгідегі киімдер ұлттық нақышта безендірілген.
Фариза жоғары оқу орнын мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. Дегенмен, ананың сүтімен дарыған қасиет оны тігіншілікке әкелді. Себебі, Фаризаның нағашы әжесі қолөнер шебері. Заманауи брендттердің көшірмелерін тігіп бастаған кәсіпкердің ісі алғашында аса өнбей қойған. Кейін ойын жетілдіре келе заманауи үлгідегі киімдерге ұлттық нақыштағы элементерді ұштастырды.
Фариза Мұсабек, тігінші:
- Иә, қателіктер болды. Өзіме ұнағаннан кейін істей бергің келеді екен. Результатты көрген кезде тағы да мынадай да тігіп көрсем екен деген сияқты.
Заманауи үлгі мен этно стильдің ерекше үйлесімі жезқазғандықтар арасында жылдам танымал болды. Нәтижесінде күн сайын тапсырыс артып, жас кәсіпкердің ісі алға басты. Мерекелік басқосулар өз алдына, күнделікті тұрмыста киетін киімдерге сұраныс бірден артқан. Әсіресе жастар тарапынан.
Әділет Қаршыбек, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Қасиетті оюларымыз бар, өрнектеріміз бар. Мән мағыналы. Әр оюдың өз мағынасы бар ғой. Сол себептен мен көбіне осы этностильді кигенді ұнатамын.
Айдана Әбішева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Осылай жаңаша стильде, жаңаша түрде тігілген киім болғандықтан күнделікті киюге ыңғайлы.
Фариза өзі ойлап тапқан киім үлгісіне әлі ат қойып үлгермедім дейді. Таңнан кешке дейін тігін мәшинесінің алдында. Қолы қит етсе жаңа үлгідегі киімдердің сұлбасын ойластырады. «Қандай киім тіксем де ұлттық болмысымызға сай болуына көңіл бөлемін. Бұл менің басты ұстанымым»,- дейді.
Фариза Мұсабек, тігінші:
- Сырт көзге әдемі көренеді деп айтады. Бір кездері бір баланың киіп бара жатқанын көрдім. Сол кезде шынымен де ерекше әдемі көрінеді екен ғой деген сияқты сезім болды.
Фариза бұл кәсіпті әкімдік тағайындаған 3 млн теңге грантқа бастаған. Тапсырыс пен табыс артқан соң кәсіпті кеңейтуді ойластырып қойған. Келер жылы қосымша тігін құралдарын алып, екі адамды жұмыспен қамту жоспары бар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшахира Серекбаева