Абай облысында үй құрылысы қарқын алды
Абай облысы, Аягөз ауданында мың жарым адам баспана кезегінде тұр.
Биыл екі тұрғын үй қолданысқа берілсе, тағы бірнеше үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, өңірде үй құрылысы қарқын алды. Әлеуметтік нысандар да саланып жатыр.
Аягөз қаласының тұрғыны Жазира Манасова жуырда баспаналы болды. Бұған дейін пәтер жалдап тұрыпты. «Қиын күндер артта қалды», - дейді. Көпбалалы ана Балым Икімбаеваның да арманы орындалды. Мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып, қоныс тойын тойлады.
Балым Икімбаева, қала тұрғыны:
- Төрт балам бар. Осы балалардың көз жасы, ырыздықтары шығар үй алып жатқанымыз. Пәтеріміз үш бөлмелі. Жылы, жарық. Өзіміздің көңілімізден шықты.
Аудан бойынша 1538 адам баспана кезегінде тұр. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Бірқабатты Шығыс» және «7:20:25» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Әйгерім Жанбаева, аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Бюджеттік өтінім берілетін болса, алдағы жылда жалдамалы 50 үй салынады деген ой бар. Одан кейін ипотекалық тағы да бес қабатты үй салынады. Қазіргі салынып жатқан жалдамалы тұрғын үйдердің барлығы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен салынып жатыр. Ал жаңағы бес қабатты тұрғын үйлер «7:20:25» бағларламасына көзделіп отыр.
Биыл екі 60 пәтерлі үй қолданысқа берілген. Қос пәтерлі 28 үй салынып жатыр. Баспана ипотекалық бағдарлама қатысушылары мен кезекте тұрғандарға үлестіріледі.
Данияр Сайлауов, аудандық құрылыс бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
- Болашақта да осындай қарқынмен тұрғын үй құрылысын жүргізу ойымызда бар. Соның әсерінен Аягөз ауданы бойынша кезекте тұрғандарға тұрғын үй кезегін жылжытамыз деп ойлаймыз. Барлық нысандар мерзімінде аяқталып, іске асырылуда.
Ауданда айына 30 адам үй кезегіне тұрады. Олардың басым бөлігі – көпбалалы отбасы мүшелері. Мамандардың айтуынша, тұрғындар баспана кезегін кем дегенде екі жыл күтеді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов