Адам құқығын қорғаудың кешенді жоспары

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданғанына биыл 75 жыл.

Адамның өмірі, бостандағы мен құқығын қорғау жолдары белгіленген құжатты БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы 10-желтоқсанда қабылдаған еді.

Атаулы дата қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары» деп аталатын стратегиялық құжатқа қол қойған еді.

Іс-қимыл жоспары алдағы екі жылда атқарылуы тиіс нақты шараларды айқындап берді. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары,  қылмыстық сот төрелігі, азаматтығы жоқтар мен босқындардың мүддесі, еңбек саласындағы құқықтар – бұл Президент қол қойған стратегиялық міндеттердің бір парасы ғана.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы:

- Жоспар ішіндегі 41 іс-шара мемлекет басшысының актісіндегі міндеттерге сай келеді. Бұл Президенттің мәселені жіті назарда ұстап отырғанын білдіреді.  Ол әу бастан адам құқықтарын қорғау мемлекеттік саясатының өзегіне айналатынын анғартқан еді. Қабылданған жоспарда қарастырылған нақты қадам саны бұған дейінгі қолға алған іс-шаралардан айтарлықтай көп.

Мәселен, келесі жылдың басында Үкімет отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасын парламентке ұсынады. Бұдан бөлек, озбырлықпен күресу үшін 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-психологиялық түзеу бағдарламасы қабылданады. Өйткені, қылмыстық жазаны қатаңдату жеткіліксіз. Бұл зұлымдықтың салдарымен күрес есебінде жүргізілетін жұмыс.

Цитата

Жеміс Тұрмағамбетова, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Сонымен бірге, балалар құқығына баса мән беру керек. Балалар құқығы ұғымы әлімжетікке қарсы күреспен шектелмеуі тиіс: оның ішінде жыныстық қолсұғу, тиісу, некесіз туған балаларға қорлық көрсету де кіреді. Жауапсыз ата-анамен тұрып жатқан балалардың да мүддесін қорғауымыз тиіс. Қазір мемлекет басшысы азаматтық қоғам белсенділерінің Мәжілістегі не құзырлы ведомстволардың жұмыс топтарының құрамына кіріп, мәселелерге қатысты ұсыныстарын күтіп отыр. Өйткені, мемлекеттік органдар үкіметтік емес сектордың ұсыныстарынан бас тарта алмайды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл соңғы уақытта салаға тың серпін берілгенін айтады.

Артур Ластаев, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Қазақстан расымен соңғы уақытта адам құқығын қорғау мәселесінде бірталай іс атқарды. Нақтырақ айтар болсақ, кейінгі 10 айда зорлық жасаған 45 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Оның ішінде қылмыстық кодекс бойынша айып тағылып, кінәсі анықталып, қылмыс жасағаны толық дәлелденгендері бар. Ал 2020-21-22-ші жылдарды қоса есептегенде мұндай 42 адам ғана қылмыстық жауапқа тартылған еді. Сондықтан бұл жоспар мемлекеттің өзегі - адам, оның өмірі, бостандығы мен құқығы деген қағиданы берік ұстанатынын білдіреді.

Президент қол қойған «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына» БҰҰ декларациясы арқау болған. Сондықтан 9 міндет, 41 қадам айқындалған жоспар қоғамда қордаланып қалған мәселелердің кешенді шешімін айқындап берді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Сабина Рахымбай