Мал азығының бағасы әр өңірде әртүрлі

«Үйдегі есепті базардағы нарық бұзады».

Қазақта осындай сөз бар. Қазір нағыз соғым уақыты ғой. Малдың саудасы да қызып тұр-ау.

Ия, ет жемесе отыра алмайтын халықпыз. Бірақ, қалтаңа қарай көсілесің. Бала-шаға асырып отырмыз, ет арзандау болса дейтініміз рас.   

Әрине, баға шіркін сөреден нұрланып көрінсе де, сұрланып көрінсе де - Бұл Нарық! Жаңа маусымдағы жаңа айдарымыздың атауы да Бұл Нарық!

Жаңа ғана ет бағасын сөз еттік қой. Базар бардық, нарқын білдік. Жесең тісіңе, жемесең, түсіңе кіретін жылқы етінің бір келісі орташа есеппен 3 000 теңгенің мұғдарында. Сиыр мен қойдың еті 2 800 теңгенің маңайында тұрады. Құстың ішінде тауық еті 1 600 теңгеге бағаланады.

Жалпы баға дейміз. Малдың бағасын өсіретін жем-шөп қой. Жем-шөптің арзан болмайтыны белгілі. Бүгінде мал азығының бағасы әр өңірде әртүрлі.

Жарнама сайттарындағы мәліметке сүйенсек, бір орама шөптің құны 8 мың теңгеден 14 мың теңгеге дейін барады. Ал бір бума шөп 800-1 200 теңге аралығында бағаланады. Сондай-ақ, мал сүйіп жейтін бір келі кебектің бағасы 60 теңге. Арпа мен сұлының бір келісін 70 теңгеден сатып ала аласыз.

Бүгінде елімізде осы жем-шөп қоры жеткілікті ме? Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Дамир Егізбаев мырзадан білейік.

Дамир Егізбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Жем-шөп мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі күні жоспар бойынша биылғы жылға 25 миллион тонна жем-шөп дайындау жоспарланған болатын. Оның қаіргі уақытта соңғы есеп бойынша 24 миллион тоннадан астам жем-шөбі дайындалған екен. Оның ішінде пішендеме 1,5 миллион тонна дайындалды. Бұл жоспарланған көлемнің 100 пайыз көлемі деп айтуға болады. Сүрлем бар оның ішінде 1,9 миллион тонна.

Биыл елімізде қант өндірісінің қарқыны кеміді. Қаңтар-қазан аралығында 204 мың тонна қант өндірілді. Бұл – өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға аз. Тиісінше, импорт 32 пайызға өсіп отыр. Шетелден келген 223 мың тонна өнім дүкен сөрелерінен орын тапты. Әйтсе де, экспорт көлемі 10 есеге ұлғайып отыр. Алайда, импортпен салыстырғанда көзге қораш көрінетіні рас. Жыл басынан бері 1,3 мың тонна шекара асты.

Дегенмен, өндіріс көлемі кемігеніне қарамастан қант бағасы арзандады. Былтыр қазан айында құмшекердің орташа құны 515 теңге болса, биыл 425 теңгені межеледі.

Қанттың құны сұранысқа қарай өзгеріп тұратыны анық. Өйткені, бұл – нарық!