Халқымыздың саны 22% өсті

Егемен болмай, ел болмас!

Азаттық алғалы халқымыздың саны 22 пайызға өсті. 32 жыл бұрын небәрі 16 млн болған қазақ жұрты қазір 20 милионнан асты. Уақыт өткен сайын тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы мен туу көрсеткіші де көбейіп келеді.

Бұрын өзге мемлекетке көшіп кетіндер көп еді, қазір керісінше, Қазақстанға қоныс аударуға ниетті шетелдіктердің қарасы артты. Биыл 2012 жылдан бері алғаш рет елдегі көші-қон сальдосы оң көрсеткішке жетті. Бұлай жалғаса берсе 21-ші миллионның да ауылы алысқа ұзамайтын сыңайлы.

14 қараша. Халық саны 20 миллионға жетті. Күллі қазақ қуанды. Өйткені, ежелден «Көптің қолы көкке жетеді» деп қалың ортаны жақсылыққа жорыған елміз. Тәуелсіздік алғаннан бері демографиялық ахуал жақсарып келеді. Бір ғана дәйек - дүниеге келген балалар саны шамамен 15 пайызға өсті. Орташа есеппен жыл сайын 400 мың бала дүниеге келеді. Сонда елдегі әр әйел басына 3 баладан келеді.

Қазір халықтың орташа жасы – 32-де. Ерлердің көрсеткіші шамамен 30 жаста болса, әйелдердікі 34 жасқа таяды. Халқымыздың ұлттық құрамы да белгілі. Қазақтың үлесі 70 пайыздан асты. Одан кейін 15 пайыз орыс және 3 пайызы өзбек. Қалған 11 пайыз өзге ұлттардың еншісінде.

Шыр етіп дүниеге келген сәбидің дауысы әсіресе оңтүстік пен батыс өңірлерде жиі естіледі. Яғни туу көрсеткіші жағынан Маңғыстау, Түркістан, Шымкент өзгелерден көш ілгері. Солтүстік пен шығыста бұлардан сәл төмен. Ал оңтүстік пен батыста жастар көп екен. Айтпақшы, 21 млн-шы қазақ көп күттірмейтін сыңайлы.

Ерлан Көпес, Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:
- Халық санының жалпы өсімі жыл сайын 270 мың адамды құрайды. Егер 2023 жылдың соңында 20 млн адам болса, 21 млн-шы адам 2027 жылы тіркеледі деп күтілуде. Бұл егер әр жылда 270 мыңдай адам өсіп отқан болса, 4 жылдан кейін 21 млнға жетеміз деген болжам бар.

Иә, адам саны көбейіп келеді. Жан басы көбейсе, экономика да өседі. Бұл біз емес, сарапшылардың айтуы. Адам көп болған сайын жұмыс істейтін, тауар тұтынатындар саны да ұлғаяды.

Сәуле Дюсупова, демограф:
- БҰҰ болжамы бойынша, қазақстанның демографиялық халқының саны 27 млн-ға келуі мүмкін. Мен ойлаймын, бұл шындыққа жақын. Экономикаға серпіліс жақсы болады. Себебі, бала туумен бірге қартаю процесі ұзартылады. Яғни жұмыс істейтін адам саны көбеюде. Әрине, бұл елге жақсы.  

Көші-қонның көрсеткіші де түзелді. Тәуелсіздік алғалы бері елге 1,5 млн адам келген. Ал кеткендердің саны 3 млн-нан асты. Жер ауғандардың басым бөлігі 90 жылдары көшкен. Қазіргі жағдай өзгеше. Мәселен, биыл елге 20 мыңға жуық адам қоныс аударса, көшіп кеткендердің саны 13 мыңға жуық. Осылайша, 2012 жылдан бері алғаш рет көші қон сальдосы оң көрсеткішке жетті. Енді сарапшылар «демография саласын дамыту керек», - дейді. Бұл әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жолын айқындап береді.

Сәуле Дюсупова, демограф:
- Мектеп тапшылығы, балабақша тапшылығы мұның бәрі демографиялық институттың болмауына келіп тіреледі. Бізде кешенді түрде демографиялық институт болуы керек. Бұл жерде жұмыс істейтін мамандардың мамандығы демограф болуы керек. Қазақстанда мұндай мамандық та жоқ. Одан бетер қарап отсаңыздар, экономика, менеджмент мамандығы демографияны пәнін де оқымайды да ғой. Еуропада демография деген міндетті пән болу керек.

Халқымыздың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті. Тәуелсіздік алғалы бері ерлер шамамен 8, ал әйелдер 6 жылға ұзақ жасайтын болды. Бұл өмір сүру сапасының жақсарғанын көрсетсе керек. Ал халқымыздың саны 22 пайызға өсіп, 20 млн-ға жеткенін айттық. Бұл, ең алдымен, азаттықтың арқасы.

Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров, Артур Горшняков