11 желтоқсан – Халықаралық таулар күні

11 желтоқсан – Халықаралық таулар күні

Құтқару қызметіне қоңырау шалатындардың 63 пайызы тауға шығатындар екен.

Көбі адасып кетеді.  

Алматы құтқару қызметі биылдыққа 134 жедел шақыру қабылдап, 240 адамды төменге алып түскен. Өкініштісі таудан 3 адамның мәйіті табылған.

Бүгін, 11 желтоқсан - Халықаралық таулар күніне орай құтқару қызметі тұрғындарға тауға жалғыз, дайындықсыз шығудың қауіптілігін тағы бір еске салды.

Тау - өте қатігез табиғи орта. «Асқақтығымен, сұлулығымен баурайтын таулардың тылсымдығы мен қауіптілігін қарапайым турист те, әуесқой альпинист те ескере бермейді», - дейді құтқарушылар. Расында, белгісіз дерек көздерден күмәнді бағытты таңдап алып, тауға тартып кететіндер көп. Тіпті, мүмкіндігін шамаламай биік шыңдарды бетке алатындар да бар. Кейде мұндай сапардың соңы қайғылы аяқталып жатады. Тамыз айында Кіші Алматы шатқалындағы Абай мұздығының түбінде ресейлік туристің мәйіті табылған болатын. Бірнеше жасақ бес күн бойы іздестіру жұмыстарын жүргізген.

Бақыт Данабеков, қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы:
- Ауа райы өте сондай жаңбырлы болған. Тұман, көріну жоқ, сол себепті ұзаққа созылған өзі сондай қиын құтқару жұмыстары болды. Артынан табылып, ол кісіні қолымызбен түсірдік, себебі ол жерге не техника бара алмайды. Тек адам аяғымен ғана жетуге болады. Соның өзінде бедері өте күрделі, тасты, соқпақ жолдары жоқ, арнайы киім, арнайы жарақты қажет ететін сондай жағдайлар.

«Тауға өрмелейтіндердің ең басты қателігі – жалғыз жүру», - дейді құтқарушылар. Әуелі бағытты дұрыс зерттеп, танысып алған жөн. Жылы киім, ас-ауқат алып, қажетті құралдары сай болу керек. Қыстың күні түсте қай жерге жеттің, сол тұстан кері бұрылып үйге қайту қажет.

Вадим Пак, РЖҚО құтқару бөлімшесінің жетекшісі:
- Тауға шығар алдында туыстарына баратын жерін, бағыттың ұзақтығын міндетті түрде хабарлағаны дұрыс. Қанша уақыттан кейін оралатынын да мөлшермен айтып кетуі керек. Мүмкіндігінше сапар алдында суретке түскен де абзал. Күтпеген қиындыққа тап болған жағдайда, зардап шегушінің қандай киімде болғаны құтқарушыларға өте маңызды.

Соңғы кездері Іле-Алатауындағы Богданович пен Үлкен Алматы шыңына барушы туристер көбейді. Дені дайындықсыз шығады. Олардың арасында жеткіншектер де бар. Сондықтан, құтқарушылардың дайындығына басымдық берілуде.

Владимир Цой, ТЖМ РЖҚО басшысы:
- Барлық құтқарушылар апта сайын климатқа бейімделу, жолдарды зерттеу сияқты жаттығу жұмыстарына шығады. Өйткені, құтқарушылар сол ортаға бейім болмаса, олардың өзіне көмек қажет болады. Жаңа бағыттарды зерттейміз. Құтқарушылардың қатарында жаңадан келген жастар да бар. Олар осы жаттығулар арқылы құтқару жұмыстарына үйренеді.

Осыдан екі жыл бұрын Алматы тауларында адасқан туристер паналайтын 16 үйшік орнатылды. Онда отын, сіріңке, бұзылмайтын азық-түлік қойылған. Сондай-ақ көмек шақыратын дабыл тұтқасы да бар. «Дегенмен, ең дұрысы, таулы туризмге арнайы дайындықпен барған жөн», - дейді құтқарушылар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Радик Жакупов