Есірткі сату күдігі бойынша 11 полицей ұсталды

Елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері есірткі сатып табыс тапқан.

Биыл заңсыз саудаға қатысы бар деген күдікпен 11 полицей ұсталды. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында --депутат Снежанна Имашева осы мәселеге елдің және үкімет мүшелерінің назарын аударуды жөн көрді. Ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірген есірткімен күрес қалай жүріп жатыр? Тиімді ме?

Есірткі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп тұр. Бұл мәселе бүгін Үкімет сағатында төрт сағатқа жуық талқыға түсті. Ішкі істер министрінің айтуынша, елімізде есірткімен күрес жыл санап күшейген. Алайда айласын асырғандар, оны өндіру мен алып-сатудың сан түрін ойлап тапқан. Ең қиыны есірткі саудасын қыздырғандардың арасында құқық қорғаушылардын бары да айтылды. Мәжіліс депутаты Снежана Имашева бұл саудаға нақты кімдердің қатысы барын айтты.

Снежана Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Полиция қызметкерлерінің өздері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар болып отыр. Нашақорлықпен күресушілердің өздері оған көмектесетіні ешкімге құпия емес. Осы жылы есірткі заттарын сақтап-сатқаны үшін құқық қорғау органдарының 11 қызметкері мен әскери қызметшілері істі болды. Олардың арасында көші-қон полициясы, есірткіге қарсы күрес басқарма басшылары мен жедел уәкілдері, ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарманың, түзеу мекемесінің және төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері бар. Мұндай бассыздыққа жол берілмеу қажет.

Жалпы дүние жүзінде есірткінің мыңнан астам түрі анықталған. Соның шамамен 700-ге жуығы біздің елге де жеткен. Есірткі өндірушілерінің әккілігінен оны жасау әдісі де түрлене түскен. Сананы сансыратқан синтетикалық түріне тіпті тосқауыл болмай тұр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейінгі 5 жылда тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт өскен.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- У сатып ұртын майлайтындар азаймай тұр. Жыл сайын полиция 30 тоннадан астам есірткі анықтайды екен. Заңсыз заттарды іздеуге ІІМ-нің мынандай қызметтік иттері де көмекке келеді. Ал осы иттердің көмегімен жыл басынан бері 360 есірткі қылмысы ашылған.

Ірі көлемде есірткі әзірлегендер өмір бойы түрмеде отыруы мүмкін. Ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл жаза жаңа заң жобасына енгізілетінін айтты. Бұған дейін мұндай бизнесті бастап, зертханасының көрігін қыздырғандар 10-нан 15 жылға дейін темір торға қамалатын. Сондай-ақ бұдан былай есірткі бизнесімен күресте жасанды интеллект жүйесін іске қоспақ. Себебі, қылмыскерлер кибер-кеңістікті де жаулап алған. Жыл басынан бері ақпараттандыру нысанына айналған 6 мыңнан астам астыртын ашылған чат бот пен сайттың жолы кесілген.

Ержан Саденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қазір есірткі қылмыстары толығымен кибер-кеңістікке қарай өтті. Бұл ретте «крипто-кошелек», «мессенджер» және басқа да инновациялар қолданылуда. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Тыйым салынған контентті автоматты түрде іздеу арнайы бағдарламамен қамтамасыз етіледі. Мәселені пысықтау үшін Кеңестің ұсынысы бойынша ІІМ-нің есірткіге қарсы штабына IT-мамандар қосылатын болады.

Елдегі сотталған адамдардың жалпы санының 14 пайызы осы есірткі қылмысымен істі болған. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр 3 425 адам істі болса, тек биылғы 10 айдың өзінде 3 193 адам түрмеге түскен. 

Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстанда есірткінің жыл сайынғы заңсыз айналымы шамамен 25 тоннаны құрайды, оның 95 пайыздан астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5 пайызға жуығы синтетикалық есірткіге, 1 пайыздан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі екенін атап өту қажет.

Есірткімен күреске ғылыми зерттеулерді енгізу қажет. Мәжілісмендер саладағы жоспардың солқылдақ тұстарын айтып, осылай деп ұсыныс жасады.

Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов