Халықты тоңдырып алмау – басты міндет
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады.
Арқада сарышұнақ аяз басылмай тұр. Қазір халықтың жылудан тарықпауын қамтамасыз ету басты міндет. Кәрі құдаң қыс келіп әлек салғанда бірқатар өңірде жылу құбырлары шыдас бермей жатыр. Қолайсыз ауа райына байланысты мектептер қашықтан оқу форматына ауысты.
Көкшетауда кеше кешкісін 700 миллиметрлік құбырдан ақау шығып, аязды күні 40 нысанда жылу қысымы төмендеді. Оның 13-і көп пәтерлі тұрғын үй болса, қалғаны жеке сектордағы баспаналар. Олқылықтың орнын толтыруға 7 техникамен 30-ға жуық адам жұмылдырылды.
Руслан Мәкішев, "Көкшетау жылу" кәсіпорнының бас директоры:
- Қазіргі уақытта құбыр жөнделді. Барлық үйлер мен мекемелерге жылу берілді. Температуралық режимді реттеп жатырмыз.
Ақтауда кеше он алты шағын аудан бір тәулікке жылусыз және ыстық сусыз қалды. Жөндеу жұмыстары түнде аяқталып, 9 метр құбыр ауыстырылды. Магистральдық жылу жүйесінің 72%-і тозған. Ескірген құбырлар жоғары қысыммен берілетін жылуға шыдамай жатыр. Сол себепті күніне 5-6 рет апат болады» - дейді коммуналдық мекеме өкілдері.
Ислям Үсенов, "Каспий жылу, су арнасы" МКК басшысының орынбасары:
- Магистральдық жылу желісі жер астында. Бір жері жарылса су жер бетінен шыққанда немесе құбырдағы қысымның төмендеуінен білеміз. Авария тек жылу ғана емес, кәріз және ауыз және техникалық су құбырында күн сайын тіркеледі.
Қарағанды облысы
Балқаш қаласында да өткен түнде құбыр жарылды. Салдарынан бес көшеде қысым төмендеген. Арнайы штаб құрылып, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге ауысты. Жалпы шағын шаһар бойынша жылу құбырларының 75 пайызы ескірген.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
- Казіргі таңда қала бойынша магистральдық және басқада жүйелерде жылу бар. Параметрлер түзелді. Қазір КСК мен Балқаш жылумен бірге 8 бригада қала бойынша жұмыс жасап отыр. Қалған 10 үйге жылу беру жұмыстары жүріп жатыр.
Атырау
Ал Атырауда Жайық өзені қатып, 3 су тазарту қондырғысы істен шықты. Салдарынан 9-10 желтоқсанда Атырау қаласының халқы сусыз қалды. Сондықтан, шаһардағы барлық күш ауыз су жүйесін қалпына келтіруге жұмылдырылған. Қазір сусыз қалған 12 көп қабатты үйдің төртеуінде мәселе шешілді.
Ерболат Омаров, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:
- Қалған 8 үй бойынша қазір жұмыстар атқарылуда. Тек қана ыстық су бойынша бұл жұмыстар жақын арада аяқталып, су қосылатын болады. Қазіргі уақытта қала бойынша 9 апаттық бригада жұмыс атқаруда.
Петропавл
Ал Петропавлда сақылдаған сары аяз коммундық қызметтің жұмысын тоқтатты. Өткен аптаның соңынан бері шаhардан қоқыс шығарылмай жатыр. Салдарынан көп қабатты үйлердің аулалары тұрмыстық қалдыққа толып қалған.
Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Ауа райының сууы бұл мәселеге кесірін тигізбеуі қажет. Сол себепті бүгінгі таңда қоқыс шығармаған компанияларға қатысты айыппұл енгізілетін болады.
Еліміздің шығысындағы Алтай ауданында аязды күні далада қалып қойған 9 маралшы құтқарылды. Шаруашылықтан үйлеріне бет алған азаматтар Бұқтырма өзенін «Урал» жүк көлігімен кесіп өтпек болған. Алайда көліктері қалың мұзды бұза алмай, өзеннің ортасында тоқтап қалған. Жалпы Қазгидрометтің болжамы бойынша, қолайсыз ауа райы апта соңына дейін сақталады. Кей өңірлерде ауа температурасы 40-45 градусқа дейін төмендейді.
Самат Қайырденұлы