«Қара кемпірдің» аманаты
Соғыс трагедиясы жайлы жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әніне арқау болған Қали ананың үйі үйіндіге айналудың аз-ақ алдында тұр.
Себебі Тұрар Рысқұлов ауданындағы шағын баспана апатты жағдайда.
Ал ауылдастары сол уақытта қасірет тартқан аналардың құрметіне үйді сақтап қалуды сұрап отыр.
Қали ананың қартайған шағы Әділбек Кәріпқұловтың әлі күнге көз алдында. Оның айтуынша, әз ана қос ұлы Жексенқұл мен Қосшықұлдың соғыста қаза болғанын естігенде есінен адасқан. Бірақ өмірінің соңына дейін батысқа қарап, балаларым келер деп үмітін үзбеген. Байғұс ана үйдің айналасында әр жерге қос құлыным келсе тауып алар деп ақша жасырып жүреді екен.
Әділбек Кәріпқұлов, Қызылсай ауылының тұрғыны:
- Жексенқұл Қосшықұлым келсе соларға деп жинап жүрмін, осы малдарменен сөйлесіп осы жерде жүріп өмірі өтті ғой. Балаға деген махаббаты ананың, ойпырмай балдарыма деп жинаған ақшалары. Ана апа қайтыс болғаннан кейін, мынау үйді көтергенде өңкей ақшалар шықты. Мына бұрыштан да ана бұрыштан да. Соның бәрін сол балдарға деп жинаған ғой.
Ауылдағы ағайын кейуананың неше жылғы баспанасы тұруға жарамсыз болған соң, қазіргі екі бөлмелі шағын үйді салып берген.
Әділбек Кәріпқұлов, Қызылсай ауылының тұрғыны:
- Ағайын болып, ел болып, жұрт болып, біреуі 5-10 күн бағып, 5-10 күн біреуі бағып жатып, осы елдің қолында қайтыс болды. Балдарының жоқтығын ешкім білдірген жоқ. Ақ жуып арулап апарып жерледі.
Ел аузында Қара кемпір атанып кеткен Қали апа өмірінің соңғы 4 жылын осы қос бөлмелі кішкентай үйде өткізген. Бұл жердің қазір шатыры ұшып, қабырғалары жарылып, апатты жағдайда тұр. Ал тарихтың куәсі болған осындай үйді ауыл жұрты сақтап, мұражайға айналдырсақ деген өтініш айтып отыр.
Алтынбек Қоразбаев Қали анаға ән арнай отырып, соғысқа лағнет айтқан аналардың типтік образын жасады. Сонымен қоса күре жол бойына кейіпкердің мүсіні орталып, Тараздағы «Даңқ» залынан бұрыш ашылды. Деседе өзі тұрған үйге әлі күнге көңіл бөлінбей отыр. «Соғыс қасіретінен хабар беретін мұндай нысандар, мемлекет меншігіне алынуы тиіс», - дейді мамандар.
Жанат Тоқпанбетова, «Даңқ» залының ғылыми қызметкері:
- Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанып, оның 400 мыңдай адамы қайтып оралмаған. Қаншама ана баласыз қалды, қаншама әйел жесір қалды. Музей үйі болып ашылған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені есті жас ұрпаққа, өскелең ұрпақ біліп жүруі тиіс.
Ауыл тұрғындарының айтуынша ескі үйді көру үшін, өзге қалалардан келетіндер көп. Сондықтан әкімдік баспананы қалыпқа келтіруді келер жылы бастамақ.
Мерей Рамаданов, Жаңатоған ауылдық округінің әкімі:
- Аудандағы техникалық қадағалаушылар келіп, бұл үйдің жағдайын көріп танысқан. Енді үй апатты жағдайда болуына байланысты қайтадан бұзып, орнына тура осы қалыпта салып, сыртын макетпен қоршап сондай бір жоспарымыз бар. Тек бұл демеушілердің көмегімен жасалынатын нәрсе.
Жергілікті биліктің мәліметі бойынша ғимараттың айналасы абаттандырылады. Ал ішіне соғыс жылдарынан хабар беретін жиһаздар мен ыдыс аяқтар, тағы басқа көне заттар қойылады.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә