Ақтөбеде үлескерлер мәселесі шешіледі
Ақтөбеде әбден жырға айналып кеткен үлескерлер мәселесі шешіледі.
Бұл туралы аймақ басшысы мәлімдеді. Асхат Шахаровтың айтуынша, мәселені шешу үшін жаңа инвесторлар тартылады. Осылайша қалдағы 11 тұрғын үй кешені келер жылы пайдалануға берілмек.
Ақтөбеде 500-ден астам үлескердің үйі салынып бітпей жатыр. Қалалықтар 11 тұрғын үйге сомасы 3 жарым миллиард қаржатын құйған. Қазір осы үйлерді салып берем деп уәде еткен нысан басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың арнайы тұжырымдамасына сәйкес, қала әкімдігі өз жанынан «Ақтөбе құрылыс компаниясы» уәкілетті ұйымын ашып, құрылысты аяғына дейін жеткізуге сеп болмақ.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Соттың шешімі бойынша 6 объект бойынша инвестор табылды. Осы жұмыстарды жалғастырамыз. Үлескерлермен өзіміз кездестік, мән-жайын жеткізіп отырмыз. Жалпы біздің ойымыз – Астана қаласындағыдай әкімшілік жанынан компания құрып, толықтай осы мәселені жою. Компания жақын арада ашылады.
Өңірде әлеуметтік тұрғын үйлерге де айырықша көңіл бөлініп жатыр. Жыл соңына дейін 900-ден астам тұрғын,, баспанаға ие болады. Әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар үшін 300-ден астам пәтер сатып алу жоспарланған.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Құрылыс кооперативтерінің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы бекітіліп, тиісті шаралар қолға алынды. Бюджет қаражаты есебінен жыл соңына дейін әлеуметтік тұрғын үй құрылысы арқылы 974 пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек әлеуметтік осал топтары және көпбалалы отбасылар үшін 360 дайын пәтер сатып алынады.
Биыл облыста 818 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Енді жыл соңына дейін оны рекордтық көрсеткіш 1,3 миллион шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр.
Авторы: Альмира Оразбай