Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, 980 үй жылусыз қалды
Жамбыл облысында түн ортасында магистральды газ құбыры жарылып, 5 елді мекендегі 980 үй жылусыз қалды.
Олар Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково ауылдарының тұрғындары. Оған қоса осы елді мекендердегі 8 әлеуметтік нысан да жылудан ажырап қалды. Апат Гродеково ауылында 22:10 шамасында болған. «Алдын ала болжам бойынша құбыр қысым әсерінен жарылған болуы мүмкін», - дейді жауаптылар. Қазір сала мамандары 20 метрден асатын құбырдың бөлігін жалғап жатыр. Апатқа байланысты аймақта арнайы штаб құрылды.
Қанатбек Мәдібеков Жамбыл, облысы әкімінің орынбасары:
- Апатты қалпына келтіру жұмыстары шамамен 4-5 сағат жүргізіледі деген ойдамыз. 10 жерден дәнекерлеу, жалғау жұмыстарын жүргізу керек. Әлеуметтік нысандардан 4 мектеп, 2 балабақша, 2 медициналық ғимараттар жылусыз тұр. Оған байланысты жанар жағар маймен жұмыс істейтін арнайы құрылғы насостармен олардың жылу жүйелерін айналдырып, қатып қалмау үшін әрекет жасауда.