Биыл Қазақстанға қоныстанушылар саны 74% артты. Бұл - Нарық!
Биыл Қазақстанға қоныстанушылар саны былтырмен салыстырғанда 74 пайызға артты.
Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 19,1 мың адам көшіп келді. Ал кеткендер саны өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 37,4 пайызға кеміп, 12,7 мың адам шекара асқан. Яғни кеткендерден келгендердің саны 6,4 мыңға артық.
Қоныстанушылардың басым бөлігі Алматыны таңдапты. Яғни 4 жарым мың адам Алатаудың бөктерінде өмір сүруді жөн көрген. Бұдан кейін 3 мыңға жуық адам Маңғыстау аймағына қазығын қақты. Ал 1,6 мың адам Астанада өмір сүруді жөн көрген. Бұл рейтингте тізім соңында Қызылорда облысы тұр. Сыр өңіріне 19 адам көшіп барыпты.
Ал кеткендердің көрсеткіші бойынша Қостанай облысы көш бастайды. Жыл басынан бері 1,8 мың адам көшкен. Одан кейін мың жарым тұрғыны көшкен Қарағанды мен 1,2 мың адам кеткен Павлодар облыстары тұр. Сондай-ақ, мұнда да тізім соңында Қызылорда облысы орналасқан. Облыстан 55 адам көшкен.
Келгендердің қатарында 3 мыңға жуық адамның техникалық мамандығы бар. 1,5 мың экономист, 750 педагог. Сонымен қатар, олардың қатарында дәрігер, заңгер, ауыл шаруашылығы мамандары, сәулетшілер мен құрылысшылар баршылық. Ал кеткендердің арасында 1,8 мың техникалық сала мамандары, 871 экономист, 638 мұғалім мен 339 дәрігер бар.
Теріскейдегі Ресейден көшіп келетіндер көп. Биыл 9,4 мың адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 есе артық. Бұдан кейін іргедегі Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен Қытай елдері тұр. Сондай-ақ, отандастарымыз жаңа қоныс ретінде Ресей, Германия, АҚШ, Польша мен Беларусьті қолайлы деп таныған. Ал қоныстанушылар санының көбеюі отандық еңбек нарығына қалай әсер етті. Маман пікіріне құлақ түрейік.
Айгүл Сәдуақасова, әлеуметтанушы:
- Қазіргі таңда әлемдік нарықта жұмыс күшімен немесе мамандармен алмасу, ол сондай тренд, глобальді тренд. Біріншіден, сондықтан, Қазақстан осы трендтің ішінде. Соған өзінің жұмыс күші де әлем нарығында болып жатқан талаптарға бір жағынан сай. Ол жақсы позитивті көрсеткіш. Екінші жағынан, Қазақстанның ішкі нарығы мамандарға мұқтаж. Шетелден келіп жатқан мамандар, шыны керек, Қазақстанның ішкі нарығынан алып жатқан жоқ өз үлесін. Олар өз орнын тауып келіп жатыр.
Шетелдік мамандар келді деп қорқудың қажеті жоқ. Олармен қатар инвесторлар да келіп жатыр. Былтыр 28 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл жаңа жұмыс көздері деген сөз. Сонымен бірге сырттан келген кәнігі мамандардан үйренеріміз көп. Өйткені олардың дені түбі еліне қайтады. Ал идеясы, олар салған инфрқұрылымы бізге қалады. Сол себепті еліміз инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отыр. Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін болжамды және ашық салық саясаты қолға алынды. Яғни фискалдық реттеуді жетілдіру үшін жаңа Салық кодексі әзірленді.
«Қолданыстағы ынталандыруларды сақтай отырып, жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағытталған сервистік әкімшілендіру моделі енгізіледі. Салық есептілігі 30 пайызға, ал салық төлемдерінің саны 20 пайызға қысқарады».
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
Жаңа кодекс нәтижесінде бөлшек салық режимі бойынша қызмет түрлері екі есеге кеңейеді. Сөйтіп, 1 миллионнан астам салық төлеушіні қамтиды. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салықтан босатылады. Әрине, кез келген инвестор қаржы құярда жергілікті бизнес-климаттың қолайлы болуына баса көңіл бөлетіні белгілі. Алдын ала талдау жасайды, сараптайды. Қазақстан бұл тұрғыда инвесторлар үшін сүйкімді болып тұр. Себебі, Халықаралық менеджментті дамыту институтының әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне сәйкес, 37-ші орыннан көрінді.
Мұны неге айтып отырмыз? Инвестиция - жаңа өнеркәсіп, жаңа мүмкіндіктер. Мұның соңында ауыл шаруашылығы дамиды. Урбанизация көшін тоқтатудың бір жолы осы. Ал инвестиция тарту үшін, сырттағы алпауыт компаниялардың көңілін тауып, олардың да пайда табуына қолайлы жағдай жасауға тиіспіз. Өйткені - бұл нарық!