Автобус жүргізушілері жетіспейді

Семей тұрғындары қоғамдық көліктің жүрісіне наразы.

Әсіресе соңғы күндері қала көшелерінде олардың саны азайып кеткен.  Қала халқы сақылдаған сары аязда автобусты сағаттап күтуге мәжбүр. Ал жолаушы тасымалдаушылардың бұған айтар өз уәжі бар.

Семейде үш күннен бері сақылдаған сары аяз. Термометр бағаны 27 градусқа дейін жетті. «Мұндай суықта аялдамада автобус күтуден асқан азап жоқ шығар», - дейді амалы таусылған қала тұрғындары.  

БЛИЦ

- Дұрыс жүрмейді. Уақытында жүрмейді. Келмейді. Автобустың іші суық. Пеш дегенді қосу керек қой. Ондай деген вообще жоқ.

- Енді автобустарды көбірек жіберу керек. Қыс кезі, қазір. Аяз. Балаларға, студенттерге обал.

- Бағана келгенмін. Тосып тұрмын. Бір сағаттай болып қалды.

Қазір қала көшелерінде қатынауы тиіс 330 қоғамдық көліктің 206-сы ғана жүр. Әсіресе қас қарайғанда жағдай ушығады. Жолаушы тасымалдаушы компания өкілдерінің айтуынша, бұған көлік жүргізушілерінің аздығы себеп.

Сергей Должиков, жолаушы тасымалдаушы кәсіпорынның бас  инженері:

-Бізге кедергісіз жүру үшін 100-ге жуық көлік жүргізушісі қажет. Мәселен, қазір 25 қызметкеріміз денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашты. Кесте бойынша еңбек демалысында жүргендері бар. Осындай кезде олардың орнын басатын ешкім болмай қалады.  

Әкімдіктегілер бұл мәселені жақсы біледі. Алайда пәрмені болғанымен, дәрмені жоқ. «Автобустардың кедергісіз жүруіне жолаушы тасымалдаушылар жауапты», - дейді.

Айжан Жұманова, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

-Жолаушы тасымалдаушыларға қоғамдық көліктердің жүру жиілігін ұлғайту жөнінде ескерту жібердік. Олар осы бағытта және көлік жүргізушілерін жұмысқа тарту бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр.

Семейдегі автобустарға ұзын -ны 200-ге жуық Д категориялы көлік жүргізушісі қажет. Қаладағы автопарктер кондуктор, автослесарь, электрик, механик секілді мамандарға зәру. Сондықтан сырттан жұмысқа келемін деушілерге баспана беруге де әзір.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов