Ақтөбеде шаруалардың бейбіт шеруі өтті

Жергілікті фермерлер дербес қаржы институтының құрылуын талап етті.

Ауыл шаруашылығы банкі мал бағып, дән еккен кәсіп иелеріне жеңілдетілген несие беруі тиіс дейді. Тікелей қаржыландыру болса, түрлі делдалдан арылуға мүмкіндік туарына сенімді.

Бақберген Жаназаров үшін биылғы маусым оңай болған жоқ. Табиғаттың қыңыр мінезінен көптеген кәсіпкер тығырыққа тірелді. Жем-шөпті уақытында жинап алу мұң болды, дейді. Ескі техникаға үміт артқандардың жайы тіптен мәз емес. Ал жаңа трактор алуға бәрінің мүмкіндігі жетпейді.

Бақберген Жаназаров, шаруа қожалығының иесі:

- Мен мысалы осыдан 5 жыл бұрын 902 деген трактор алдым. Счет-фактурасын қарасам 7 миллион. Ал мен 10 миллионға алып отырмын. Посредниктер алып кетіп отыр бәрін. Ең болмаса 2 процентпенен кредит беріп бір банк дұрыстау, АКК емес, Агробанк ашып содан 2 процентпен берсе субсидия да емес, ештеңе де керек емес өзіміз күнімізді көрер едік.

Шаруалардың пікірінше, қаржы институты тек агрокешенге қызмет көрсетуі тиіс. Қажетті техника, тұқым мен төрт-түлік алуға несие рәсімдеуге мүмкіндік болса, деп отыр. Ауыл шаруашылығы министрілігі бұл ұсынысты жан-жақты талқылап жатыр. 

Дамир Егізбаев, ауыл шаруашылығы министрілігінің баспасөз хатшысы:

- Агроқауымдастық бұл туралы көптен бері айтып отыр. Бірақ әттегенайы бір нәрсе - бұл жерде тек қана ауылшаруашылығы министрлігінің шешімімен ғана құрыла салатын, ашыла салатын мекеме емес. Сондықтан бұл нәрсе әлі де басқа да мемлекеттік органдармен, басқа да мекемелермен келісімдер жүргізіледі. Електен өткізіп барып мемлекеттік органдардың келісімі арқылы ондай мекемелер құрылады. 

Жиынға келген кәсіпкерлердің көтерген тағы бір мәселесі – мал азығын субсидиялау. Биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы былтырға қарағанда 9 млрд теңгеге аз. 

Панабек Бимұратов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Қосымша облыс әкімдігі мәслихаттың шешімімен 2 млрд 900 млн теңге мал азығының шығындарын өтеу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетуге бөлді. Қазір енді өтінім қабылдауды бастадық.

Шығындарды өтеу бойынша екі мыңнан астам өтініш түскен. Жалпы құны 2 млрд 200 млн теңге. Субсидия жақын күндері шаруалардың есеп шотына аударылады. Жиында айтылған басқа да талаптар тиісті мекемелерге жолданды. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков