Абылайхан Шарменов: Бауырыңыз бүтін болсын
Тәуелсіздік құрдастары табысты.
Азаттықтың ақ таңымен бірге дүние есігін ашқан жастар бүгінде орда бұзар отызды асып, әр салада еңбек етіп келеді.
Медицинаның білмейтіні жоқ. Адамның бүйрегін де, бауырын да айырбастап береді. Әлемде бір хирург жылына бір бауырды емдеп қалыпқа келтіре алса, біздің ақ халаттылар 1 жылда 3 операцияны сәтті атқарған. Сол хирург - Абылайхан Шарменов.
Абылайхан Шарменов, Ұлттық ғылыми онкология орталығының хирургі:
-Нағыз ақылды елміз ғой. Қазақта бауыр деп бекер айтылмаған. Бауыр жұмыс істемесе, өте қиын. Ондай науқастар өте көп. Сол себептен жақын туыстары өзінің бауырының жартысын береді. Сол себептен «бауыр», «бауырым» деп айтады қазақтар.
Батыс елдері, Еуропа елдері: «Сендер енді бастаған ел болсаңдар да, туысқандық трансплантация бар», - деп таңқалады. Бес күндік дүниеден күдер үзіп, үміті үзілген жанның бірі Мадина Аламашарипова еді. Жақында ғана бауырын ауыстырды. Қазір ел қатарлы ас ішіп, аяққа тұрған.
Мадина Аламашарипова, ем алушы:
-Маған бауырды алмастыру операциясын жасады. Операция сәтті өтті. Қалыпты өмірімді қайтарып берген біздің трансплантолог дәрігерлерге алғысым шексіз. Бұл дертпен 2 жыл күрестім. Соңғы жарты жыл тіпті қиын болды. Осы тұста еліміздегі медицинаның өте мықты екенін айтқым келеді.
Абылайхан –Тәуелсіздік құрдасы. Литва, Оңтүстік Корея, Жапония, Израиль сияқты елдерде біліктілігін арттырды. Дүниежүзілік жиындарда біздің елдегі медицинаның жетістігін баяндап, шетелдіктерді талай рет таңдай қақтырды.
Абылайхан Шарменов, хирург:
-Дамыған елдер – 100 жылдап, 200 жылдап тәуелсіз елдер. Біз тәуелсіздік алғанымызға енді 30 жыл болды. Өздеріңіз білесіздер, еліміз қандай қиын кезеңнен өтті. Қазіргі таңда еліміз де дамып жатыр, соған орай біздің медицинамыз да дамып жатыр.
Елде Абылайхан тәрізді тәуелсіздіктің төл құрдастары мыңнан асады. Нақтыласақ, 1138. Олар әр салада еңбек етіп жүр. Әрқайсысы өз елінің жетістіген мақтанады. Ал хирург Абылайхан Шарменов сіз бен бізге: «Бауырыңыз бүтін болсын», - дейді.
Авторлары: Зарина Кәп, Руслан Алиев