Ауылда өскен қазаққа аустралиялықтар мал бағуды үйретпек

Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістері елімізде қолданысқа енгізіледі.

Жасыл құрлықтағы жұрттың мал бордақылау әдісін ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері арнайы барып танысты. Олардың арасында Түркістан, Қостанай, Алматы, Жетісу облысының делегациясы да бар.

Елден барған делегация бір мезгілде 35 мың сиырды бордақылайтын Southern Cross Feedlot заманауи кешенін аралады. Осындағы диірмен, заманауи жабдықтар, инфрақұрылым, азықтандыру әдістерін көрді.

Айдарбек Қожаназаров, Парламент мәжілісінің депутаты:

- 200 шақырым өтіп шықтық Аустралияның жолдарымен. Бүкіл жерге егін егілген. Біздің Қазақстанымыз осындай болсын деп армандаймыз. Арманымызға жету үшін Аустралияның технологиясын қолдануымыз керек. Сондықтан біз серіктестік ретінде талқылап жүрміз. Қалай біз осы Аустралиядағы технологияны Қазақстанға алып келеміз, етіміздің бағасын түсіру, экспорттық ауқатын көтеру үшін.

Бұл фермадағы сиыр күніне 1,5-2 келі салмақ қосады. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 25-30 млн доллар. Ең бастысы салған ақшаның қайтарымы бір-екі жыл ғана. Одан соң фермер таза пайда ала бастайды. Аустралиялық фермерлердің айтуынша, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынса, одан әрі кеңейтуге қосымша инвестицияның қажеті жоқ.

Кинталь Исламов, "Атамекен агро" АҚ басқарма төрағасы:

- Мұнда бүкіл қызмет көрсету жүйесі басқаша. Мысалы, малды бөлу бәрі толығымен автоматтандырылған. Тіпті бөлу конструкциялары басқаша. Біздегі конструкциялар түзу, ал мұнда жануарларды қорқытпас үшін иіліп жасалған. Алаң биік орналасқан, сондықтан онда ылғал тұрақтамайды, төмен қарай ағып, арнайы дренаждарға жиналады. Осылайша, жануарлар тұяқтары ластанбайды. Мінсіз тазалық

Қойды да осындай әдіспен бордақылайды. Bakersfield Feedlot кешеніндегі толық автоматтандырылған жем беру жүйесі аз уақытта 16 мың қозы семіртеді. Жылына 65 мың қойды сойысқа дайындайды.

Аарон Преттеджон, бордақылау алаңының иесі:

- Біздің өнеркәсіп алаңының ауданы шамамен 11 мың гектар. Фермадағы бір жылдық мал саны – 60-тан 90 мыңға дейін. Мен еттің өнімділігіне, жұмсақ болуына жауап беремін.

Ілияс Жананов, "Алакөл агро" ЖШС өкілі:

- Аустралияда жыл бойы мал бордақылай алады. Мысалы мына компания 2 айда бордақылап шығарамыз дейді. Екі ай сайын малды ауыстырып отырады. Жаңа мал кіреді 2 ай сайын сонда бұлар 16 мың немесе15 мың бастан 1 жыл ішінде 4-5 рет бордақылап шығады. Бізде Қазақстанда 1 сезондық. Біз көктемнің басында қозы алып оны қыркүйек айында бордақыға қояды.

Аустралия – жаһандық экспорттаушы: қой еті экспорты бойынша – бірінші, ал сиыр еті экспорты бойынша – екінші орында. Нарыққа 100-ге жуық өнім түрін шығарады. Отандық мамандар аустралиялық фермерлердің тың тәжірибелерін көрді. Енді мұндағы тәжірибені біздің елде қолдануға ниетті.

Әлішер Әли, «24.KZ»