Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы жанданады
Елде 1,2 мың гектар жылыжай кешені болса, соның 80%-ы Түркістан облысында шоғырланған.
Алайда соңғы 2 жылда жылыжай шаруашылығымен айналысатындардың басынан дау арылмай келеді.
Шаруалар «субсидия төленсе, көрші елдерден келетін арзан өнімдерге шектеу қойылса» дейді. Себебі арзан көкөніс жергілікті диқандар өндірген өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Әсіресе қияр мен қызанақ өсірушілердің өкпесі қара қазандай.
«Өңірде жылыжай шаруашылығы тұралап жатыр», - деген диқандардың жанайқайы елордаға жеткендіктен, мәселені өз аузынан естиік деп атбасын Сарыағаш ауданына бұрдық. Бірнеше жылыжайға кіріп, шаруалардың пікірін тыңдадық. Көп жылдан бері көкөніс өсірумен айналысатын Фахриддин Райымжанов өткен жыл шаруаларға оңай болмағанын айтты.
Фахриддин Райымжанов, диқан:
- Қияр мен қызанақты былтыр өткізе алмай қалған кезіміз де болған. Көрші елдерден арзан бағамен келеді. Бізде былтыр көмірдің шығыны көбейіп кетті. Өзін-өзі ақтамағаннан кейін істемей қойғандар болды. Қазір кішкентай қияр бар. Оның қысқа шығыны көп. Мен ең соңғы рет қиярды 700 теңгеден өткіздім. Одан кейін сатқаным жоқ. Қазір мыңға барған шығар. Қызанақ қазір жоқ. Жақында 500 теңгеден саттық, екі апта болды. Оны суыққа ұстап тұрудың шығыны көп.
Диқандар қияр мен қызанақ жылуды көп қажет ететіндіктен қыстың күні өнім алу тиімсіз дейді. Сондықтан көпшілігі қыста шығыны аз көкөніс түрлерін егуге тырысатынын айтады. Ал 30 сотық жылыжайында болгар бұрышы жайқалып тұрған Құсмаддин Ырысметов бағаның көтерілгенін күтіп отыр.
Құсмаддин Ырысметов, диқан:
- Қазір базарда Ираннан кіріп жатыр. Қытайдан келіп жатыр. Ирандікі 850 теңге деп жатыр. Иран мен Қытайға қарағанда біздікінің сапасы жақсы. Субсидияға құжат өткізіп қойдық. Әлі шыққан жоқ. Береді деп жатыр. Әлі алғанымыз жоқ. Биылға көмірден мәселе жоқ. Субсидия беріп тұрса, істеуге болады.
Субсидия демекші, өткен жылы вице-премьер Серік Жұманғарин сарыағаштық шаруалармен кездескенінде жылыту жүйесімен қамтылған жылыжайларға субсидия төлеуді қарастыратынын айтқан болатын.
Алайдар Әмірханов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Осы қиындықтардың барлығы Үкімет деңгейінде шешіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі арнайы бұйрық шығарып, өтінім қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің ауданнан 150 жуық жылыжай иесі субсидия алуға өтінім берді. Субсидия көкөніс өндіруші шаруаларға беріледі.
Түркістан облысында мың гектарға жуық жылыжай кешені бар. Оның жартысына жуығы Сарыағаш, қалғаны Келес, Сайрам, Қазығұрт, Ордабасы аудандарында шоғырланған. Мамандар биыл Үкіметтің қолдауымен жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілгенін айтады. Енді өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлардың жылуға кеткен шығынының 20%-ын мемлекет өтеп бермек. Фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, ал өнеркәсіптік жылыжайларға 8,1 млн теңге субсидия төленеді. Қазір фермерлік жылыжайларды стандарттау жүріп жатыр. 685 жылыжайға сертификат біріліп, енді олар мемлекеттік қолдауға өтінім тапсырып жатыр. Бүгінге дейін 400 өтініш қабылданған. Бұл сырттан келетін арзан өніммен күресудің тиімді тәсілі, - дейді мамандар.
Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда Түрікменстаннан келетін өнімдерге шектеу қойылып жатыр. Қазір Өзбекстандағы баға да бізбен бірдей болып тұр. Ол жақта адам күшінің, күннің жылылығының әсерінен өнімнің өзіндік құны арзан ғой, сол себепті бізде өзіндік құнын төмендету мақсатында субсидиялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жылыжай шаруашылықтарының мәселелерін Үкімет деңгейінде көтерудің нәтижесінде бірнеше бағытта қолдау шараларына қол жеткізіп отырмыз.
Мамандардың айтуынша, көмір мәселесі де шешімін тапқан. Жергілікті билік көмірді тікелей шаруаларға жеткізіп беру бойынша «Шұбаркөл» АҚ келісімшартқа отырыпты. Енді ай сайын өңірге 12 мың 500 тонна қатты отын жеткізіліп отырады. Қазір облыстағы темір жол тұйықтарында 46 мың тонна көмір қоры бар. Бұл отандық жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, маусым аралық кезеңде республика халқын түрлі көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.