Атырау және Маңғыстау облыстарында су тапшылығы азаяды
«Астрахань-Маңғышлақ» магистральді су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба аясында Атырау облысындағы 177 шақырым су құбыры жаңартылды. Бұл жұмыстар аяқталғанда Атырау және Маңғыстау облыстарында су тапшылығы азаяды.
«Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбыры арқылы Атырау мен Маңғыстау облысының жеті ауданы мен Жаңаөзен қаласына тіршілік нәрі жеткізіледі. Орталықтандырылған су құбырының жаңғыруы қос аймақ үшін маңызы зор.
Талғат Құрманбаев, "Қазтрансойл" АҚ Бас директоры:
- «Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта жаңғырту және кеңейтудің бірінші кезеңі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Жоба аясында су құбырының 176 шақырымға жуық екі учаскесі жаңартылды. Осылайша су айдау көлемін 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін арттырдық.
Еділ өзенінен келетін тіршілік нәріне аймақ тұрғындарымен қатар мұнай-газ өндіретін мекемелер, өзге де кәсіпорындар тәуелді. Сондықтан жобаны әрі қарай жалғастыру керек, дейді сала мамандары.
Хамит Қабылов, ардагер гидролог:
- Осы учаскеден кейін әрі қарай Құлсарыға дейін Маңғыстауға дейін мұны үлкейту керек. Неге десеңіз өндірістер көбейіп жатыр. Солардың барлығына әлі жеткіліксіз.
2021 жылы қолға алынған жоба 125 миллиард теңгеге бағаланған. Дегенмен, оңтайландыру жұмыстарының нәтижесінде бұл сома шамамен 100 млрд теңге болды. Ұзындығы 2105 шақырымға тең құбыр кезең-кезеңімен жаңғыртылады.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин