Ұлытау облысында ауыл саны азайып барады
Ұлытау – еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс.
Халқының 80% қалада тұрады. Соның кесірінен кейбір ауылдарда мектептер жабылып жатыр. Биыл тағы бір білім ұясының есігіне қара құлып ілінді. Бұл олқылықтың орнын «Оңтүстіктен-Солтүстікке» бағдарламасы толтыруы тиіс. Жоба қалай жүзеге асып жатыр?
Шымкенттен Жезді кентіне қоныс аударған Бәкеновтер отбасының бүгінде тұрмысы түзу. Отағасы Медет Бәкенов өндірісте еңбек етсе, оның жолдасы – мектепте мұғалім. Мемлекет 4 бөлмелі үймен қоса отбасының әр мүшесіне 241 мың теңгеден біржолғы көмек берген.
Медет Бәкенов, Жезді кентінің тұрғыны:
- Үй берді, ақшалай көмек берді. Жұмысқа тұрдық. Былайша жақсы жағдайдың бәрі. Халық жақсы қабылдады.
Ұлытау – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасына биыл қосылған облыс. Соның аясында 120 адамнан тұратын 26 отбасы көшіп келуі тиіс еді. Бірақ жоспардың тек 60% жүзеге асқан.
Нұржан Орынбаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы:
- Жоспардың орындалмай отырған себебі – өңірлерде үйлердің дайын болмауы. Мысалы, көшіп келетіндерді қабылдайтын ауылдық округтерде үйлердің де болмауы. Сондықтан облыс әкімі аудан әкімдеріне тапсырма берген болатын. Жаңағы дайын тұрған үйлерді сатып алып немесе бюджет есебінен үй салып беру туралы.
Биыл қоныс аударған 5 отбасыға баспана сатып алуға 18 млн теңге берілді. Бағдарлама келер жылы да жалғасады. 32 отбасыға квота бөлінген. Олар тұрғын саны аз ауылдарға қоныс тебеді. Себебі оқушы тапшылығынан мектептер жабылу алдында тұр. Осыған байланысты келер жылы 2 білім ошағы қайта құрылымдалады.
Сапура Төлекова, білім басқармасының басшысы:
- Жаңаарқа ауданының Байғұл станциясындағы бастауыш мектепте 5 бала оқып жатыр. Бірақ мектепке дейінгі бала саны 4-ті бітіріп кететін балалардың орнын толтырады деген болжам жоқ. Сондықтан бұл мектепті де жауып, қалатын 3 баланы Жаңаарқа кентіндегі интернатқа ауыстыру жоспарланып отыр.
Урбанизация теріскей өңірлерге тән. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 6 ауыл бос тұр. Аймақта 2017-2019 жылдары аралығында 33 елді мекен жабылған. Биыл түстіктен 2460 адам, ал өзге мемлекеттерден 183 қандас көшіп келді. Дегенмен де аймаққа әлі 5 мыңнан астам маман жетіспейді.
Назерке Тасқұлова, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бас маманы:
- Бізде 153 елді мекен бекітілген. Яғни, олардың инфраструктуралары орташа және жоғары деңгейде. Ешқандай инфрақұрылым жасалмаған болса, яғни ол ауылдарға көшірілмейді. Өйткені бірінші кезекте отбасылардың балалары болады дегендей. Мектептерге орналастыру, өздеріне жұмысқа орналасу және қыс мезгілінде жол болмауы да мүмкін.
Мамандар урбанизация бәсеңдемейді деген болжам айтады. Елсіз қалған ауылдарға халықты қоныстандыруға жалғыз көші-қон жобасы жеткіліксіз. Мәселе инфрақұрылымды жетілдіруде. Ауыл халқының қалаға ағылуының басты себебі жайлы тұрмыс қана.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Самат Қайырденұлы.