Желтоқсан оқиғасына Түркістан өңірінен 300-ге жуық жас қатысқан
Қазақтың талай өрімдей қыз-жігіттерінің тағдырына балта шапқан ызғарлы Желтоқсан көтерілісіне биыл 37 жыл.
Ұлттың намысын қорғаған жастар сол кездегі билікке «Қазақ халқын қазақ басқарсын» деген тілегін жеткізу үшін алаңға шыққан еді. Алайда қаракөздердің талабы табанға тапталып, бейбіт шерудің соңы қантөгіске ұласты. Өрімдей қыз-жігіттер темір торға тоғытылып, қуғынға ұшырады. Алаңдағы аласапыранға қазіргі Түркістан өңірінен 300-ге жуық жас қатысқан.
Жеңіс Сәтбаев – Абай ауылының тумасы. Екінші топ мүгедегі. 1986 жылы Алматыдағы ауылшаруашылық институтының 1 курсында оқыған. «Қазақстанды қазақ басқарсын» деген жастардың талабын қолдап, алаңға барған. Алайда бейбіт шерудің шырқы бұзылып, мұздай қаруланған жасақ жастарды жаншып тастағанын айтады.
Жеңіс Сәтбаев, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
- Кім білсін, арамызда бұзақылар тас лақтырды ма, соның салдарынан аналар да көтеріліп кетті. Біз дубинкаға қарсы тұра алмадық. Жарақат алдық. Шашынан сүйреп, ұрып жатқанын көзіммен көрдім. 4 автобусқа салып, РОВД апарды. Ол жерде бір-бір күн отырып шықтық. Мені комсомолдан шығарды. Оқудан шығып кеттім соның арқасында.
Іс мұнымен бітпепті. Ауылға келгеннен кейін Жеңіс Сәтбаев 2 жылға дейін үйқамақта полицияның бақылауында болған. Желтоқсанның ызғары отбасы мүшелерін де қарып өткенін айтады. Әкесі комсомолдан шығарылса, мектеп директорының орынбасары болған анасына да қысым жасалған.
Зияда Омарова, анасы:
- «Өзінің баласына тәрбие бере алмай жүрген адам 2,5 мың оқушыға не тәрбие бере алады? Мұғалімдіктен шығарылсын» деді. Біреулері жақтап жатыр, «ол күшті математик» деп. Ең соңында «жазаланушыға сөз береміз» деді. «Мұғалімдіктен шығарсаңыздар, шығарыңыздар. Бірақ жүйеден шығаруға қақыларыңыз жоқ. Маған дипломды сіздер әперген жоқсыздар. Дипломды өз еңбегіммен алғам. Орыс-қазақ мектебіне істей беремін» дедім. Сонымен қойды.
Ауылда 3 жылдай еңбек еткен Жеңіс Сәтбаев кейін теміржолдың оқуын бітіріп алған. Абай ауылындағы кәсіптік колледжде көлікке техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша сабақ берген. Бірақ қазір денсаулығына байланысты уақытша демалыста. Білікті маманның кәсібилігіне әріптестері де риза. Желтоқсан оқиғасы қарсаңында колледжде ашық сабақ өткізіп, Жеңіс Сәтбаевқа құрмет көрсететінін айтады.
Бақтияр Достанов, әріптесі:
- Керемет рөлді ойнаған кезде оқушым жылап жіберді. Сол кезде Жеңіс ағаймыз қуанып, соларды көріп, көзіне жас алып, сол кезде қандай болғанын сезініп отырдық. Енді ол кезде оңай болған жоқ. Әлі зейнетке біраз уақыт бар. Құдай қаласа, тағы бірнеше жыл бірге жұмыс істейміз деген үміттеміз.
Мамандар желтоқсан көтерілісі әлі күнге толық зерттелмегенін айтады. Кезінде билік өз деңгейінде дәріптемегенімен, еліміздің тәуелсіздік алуына бірден-бір түрткі болған қанды да, қастерлі оқиғаға халық өз бағасын әлдеқашан беріп қойған. Оқиға куәгерлері Желтоқсан оқиғасына жаңа көзқарас қажет дейді.
Жеңіс Сәтбаев, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:
- Желтоқсандықтарға Үкімет кішкене көңіл бөлсе екен деп ойлаймыз. Мысал үшін, үлкен қалалар да желтоқсаншыларға көңіл жақсы бөліп жатыр. Бізге де сол көңіл бөлсе деп ойлаймыз. Желтоқсанға қатысқаны үшін деп жылына бір рет беретін сыйақысы бар. Курортқа бір рет жолдама беріледі. Соны қолданамын.
«Тәнге түскен жара жазылады, ал жанға батқан қайғыны кім емдейді? Қанша уақыт өтсе де, желтоқсанның жаңғырығы жадымызда мәңгілік сақталады», -дейді оқиға куәгерлері. Түркістан өңірінен Желтоқсан оқиғасына 300-ге жуық жас қатысып, қуғын көрген. Оның ішінде 21-і түрлі дене жарақатын алып, зардап шеккен.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.