Жетісу облысындағы есімі елге танылған шабандоз
Соңғы екі жылда елімізде өткен тоғыз бәйгеде Жұмыртұяқ атты сәйгүлік алдына қара салмай, мәре сызығын бірінші кесті.
Желмен жарысқан, ауыздықпен алысқан сол тұлпарды Хамза Амангелді есімді қаршадай бала тақымдайды. Қатысқан жарысынан жүлдесіз қайтпаған, аламанның алдын бермей оза шапқан жеткіншек Жетісу облысының Жалғызағаш ауылында тұрады.
Хамзаның Жұмыртұяққа деген көңілі ерек, құрметі бөлек. Себебі тақымы мықты шабандоз бен шашасына шаң жұқпаған жүйрік арасында көзге көрінбейтін берік байланыс орнаған. Тоғыз жастағы жеткіншек тұлпарының көңіл-күйіне қарай күтім көрсетеді.
Хамза Амангелді, шабандоз:
- Көңілі жақсы болса жақсы шабады. Екі жыл шаптым екі жылда жүлдеден көрінген. Жақсы ат мінезі де жақсы. Жақсы көрем. Характері де мықты. Қазақстанда фаворит болып тұр.
Хамза төрт жасында жабыға жайдақ мінсе, беске тола бәйгеге шапқан. Алты жасында тұлпарын тақымдап аламанда бағын сынады. Содан бері көптеген жарыста сәйгүлігі оза шауып көмбеге бірінші келді. Есімі елге танылған кәнігі шабандозды өз әкесі баулып жүр.
Марлан Бектенов, атбегі:
- Хамза кішкентай кезінен менің артымнан еріп жүрді де. Мен етік кисем ата апасының баласы мағанда етік алып бер дейді. Менің артымнан еріп жүріп өсті де. Хамзаны былай тәрбиеледік, сен қазақтың батырысың деп тәрбиеледік. Ол батырмын деп өскен бала ғой. Қорқам нетем дегенге келген жоқ та. Өзінің қызығушылығы да жоғары болды.
Хамза мен Жұмыртұяқ биыл бес бәйгеге қатысты. Соның төртеуінде бас жүлдені еншілесе, біреуінде екінші орынға ие болды.
Аламанда жүлденің алдын бермеген Жұмыртұяқтың иесі Марат Ақылбайұлы. Ол әкесі бастаған кәсіпті жалғастырып келеді.
Марат Ақылбайұлы, шаруашылық жетекшісі:
- Ең басты бәйге деген ол біздің ұлттық спорт қой. Ұлттық спортты дамытып осы балаларды далада жүрмесін, атқа жақын болсын, табиғатқа жақын болсын деген ең бірінші мақсат сол. Екінші мақсат қазір бәйге өте жақсы дамыған. Қазақстанда Қырғызстанда бәйгелер болады. Сол бәйгелерге қатысып, өзіміздің жерден шыққан аттардың қасиетін көрсетіп, сондай екінші мақсатымыз сол.
Атбегілер ұлттық спортты дәріптеу үшін өзіндік дәстүр қалыптастырған. Әрбір жеңістен соң Хамза балаларға қамшысын сыйлап, тоқымын таратады.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Бұл шаруашылықта ағылшын тұқымды 25 ат бапталып жатыр. Бәйге маусымы аяқталуына байланысты олар ұзақ мерзімді тынықтыруға қойылған. Мынандай арнайы рацион негізінде жілік майы толысқан соң келесі жылы өтетін дүбірлі додаға дайындықты бастайды. Атбегілер басты назарды мына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Жұмыртұяққа аударып отыр.
Хамза мен Жұмыртұяқ үшін келесі жыл өте маңызды маусым болмақ. Себебі Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек» демекші, Жұмыртұяқтай қазанатты баптаған азаматтар сол байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтатуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев