Анкарада Желтоқсан құрбандары еске алынды
Түркияда білім алушы жастарымыз Қазақ елінің азаттығы жолында бастарын бәйгеге тіккен «Желтоқсан құрбандарын» еске алды.
«Азаттық дастаны» атты әдеби-сазды қойылымды Анкара тұрғындары мен отандастарымыз тамашалады. Іс-шара барысында өрімдей қыз-жігіттердің өмірін қиған желтоқсан ызғары жайлы деректер мен дәйектер айтылды. 16 мен 23 жас аралығындағы жанкешті жастардың толқынысы алаңда қалай басылып-жанышталғаны театрландырылған қойылым арқылы жеткізілді. Тәуелсіздік үшін құрбан болған жастардың рухына Құран бағышталды.
Айта кетейік, еске алу кешін Анкарадағы қазақстандық студенттердің бірлестігі ұйымдастырды.
Бекзат Бекболат, студент:
- Тәуелсіздік күніне арнайы «Азаттық дастаны» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Осындағы қазақ студенттерді, түрік достарымызды, барша шетелдік студенттерді шақырып, Қазақ елінің азаттық жолындағы күресін, тарихын және бүгінгі хал-ахуалын көрсетіп шықтық.