Ақмола облысында биыл 16 роботехника кабинеті ашылды

Олардың басым бөлігі аудан және ауыл мектептерінде.

Қазір аймақта 1 мыңға жуық бала құлтемір құрастыру ісін меңгеріп жүр.

Құлтемір құрастыруда бурабайлық оқушылар алдына жан салмайды.

Қазір аудан бойынша  250-ге жуық  бала робототехниканың қыр-сырын меңгеріп жүр. Осы жылы ауданда 4 кабинет ашылды. Соның бірі - Щучинск қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында орналасқан.

Александр Яковенко, мұғалім:

- Біз алғашқы роботтарды құрастырдық. Оқушылардың қуанышында шек жоқ. Алдағы уақытта түрлі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Ал келер жылы аудан іргесіндегі Абылай хан ауылында да осындай кабинет ашылады. Өйткені соңғы жылдары ауылдағы балалар арасында темірге жан бітіруге деген қызығушылық күрт өскен. Осы жылы өнертапқыш өрендер халықаралық байқауға қатысып, топ жарған.

Дидар Қаппас, оқушы:

- Мен робототехникаға 4 жыл бойы қатысып жүрмін. Өзіме роботты программалау, жасау ұнайды. Болашақта мен айти мамандығына барғым келеді. Програмалау, вед-сайттарды істеуге қызығам.

Нұржан Әбілжанов, робототехника үйірмесінің жетекшсі:

- Робототехника – оқушылардың логикасын дамытады. Қол моторикасын дамытады. Содан кейін функционалдық сауаттылығын арттырады.  Ауылымызда шағын жинақталған мектебімізде робототехникаға қатысатын балалардың саны артып келеді. Оқушылардың қызығушылығы жоғары.

Жалпы құлтемір құрастыру ісі қазір қала мектептерінде ғана емес, аудан, ауылдардағы білім ошақтарында да кең қанат жайып келеді. Сондықтан жергілікті білім бөлімінің өкілдері алдағы уақытта осындай заманауи сыныптар қатарын көбейтуге ниетті.

Алтынай Ахметжанова, білім бөлімі басшысының м.а:

- Қазір ауданымызда 5-ақ робототехника кабинеті бар. Бірақ 90 кабинет жаңа заманауи қондырғылармен жабдықталған. Биыл мысылаға біз 12 STEEM кабинетін алдық.

Қазір өңірде 220 робототехника кабинеті бар. Онда бір мыңға жуық бала тәлім алады. Бұл жалпы көрсеткіштің 41 пайызы ғана. Сондықтан алдағы жылы моноқалаларда заманауи робототехника кабинеттерін ашу көзделіп отыр. 

Салтанат Сейпиева, аймақтық жаңа технологиялар орталығының бөлім меңгерушісі:

- «Болашақ инженерлер» қайырымдылық жобасы аясында келер жылы Степногорск қаласында 13 робототехника кабинетін ашу жоспарда бар. Дәл осы жоба негізінде былтыр 16 ауылда робототехника үйірмесі ашылды.

Робототехникадан сабақ беретін мұғалімдерді дайындау жағы да күн тәртібінен түскен емес. Жыл сайын аймақта информатика пәнінің 25 ұстазы  робот құрастыру ісінің оқу курсынан өтіп тұрады. 

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко