Ұлттық киноға бөлінген 400 млн теңге ұрланған
Ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатының ұрланғаны анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.
Бұған дейін прокуратура Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына тексеру жүргізген болатын. Тексеру қорытындысы бойынша, аса ірі көлемдегі қаржының қолды болғаны анықталды. Тергеп-тексеру шараларына байланысты әзірге киноның аты және бұл істің қай уақытта болғаны айтылмайды.
Нұрсұлтан Жиделбай, қалалық прокуратураның ресми өкілі:
- Алматы қаласының прокуратурасы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамын тексеру қорытындысы бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, фильм түсіруге бөлінген 400 миллион теңгеден астам қаржының ұрланғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, оны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізуде.