Волонтерлер мемлекет пен қоғам арасында сенімді нығайтуда ерекше роль атқарады
Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатында халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған қарарды қабылдады.
Бұл волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігі.
Халықаралық еріктілер жылын жариялау туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мінберінен 2020 жылы Бас Ассамблеяның 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастары барысында көтерді. Қазақстан бұл қарарды әлемнің барлық аймақтарынан пікірлес елдерімен – Армения, Боливия, Германия, Кения және Кирибати аралдық мемлекетімен бірлесіп ұсынды. Бұл құжаттың тең авторлығына БҰҰ-ға мүше 54 мемлекет қосылды.
Әмірбек Исламұлы, БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы:
- Құжат БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында бірауыздан қабылданды. Құжат жобасы бойынша мүше мемлекеттер арасындағы келіссөздердің сындарлы және позитивті сипатын атап өтеміз. Біз қысқа мерзімде мәтінді толықтай келісе алдық. Бұл бастаманы жүзеге асыру барысында БҰҰ еріктілері бағдарламасының маңызды қолдауын атап өткен жөн. Бұл ұйым Халықаралық жыл шеңберінде өткізілетін іс-шараларды үйлестіруге жауапты болады.
Халықаралық жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа барлық деңгейде қуатты серпін береді, еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосатын болады.
Оливье Адам, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының экс-атқарушы координаторы:
- Біз Қазақстанмен серіктестігіміз бен оның елде және бүкіл әлемде волонтерлік қызметті одан әрі ілгерілету жөніндегі міндеттемесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан әрқашан адамдарға көмектесуді дәстүрге айналдырған ел. «Асар» дәстүрінің – өзгеге көмектесу қағидалары қазақ халқының мәдениетінде ойып тұрып орын алғанын көрдім. Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда үлгі бола отырып, Қазақстан өз волонтерлерін елдегі бағдарламаларға ғана емес, БҰҰ жүйесіндегі өз шекарасынан тыс жерлерге де жіберіп, волонтерлік қызметте үлгі көрсете алады деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысының пікірінше, еріктілер өз елінің шынайы патриоттары адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше роль атқарады. Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән қасиет екенін атап өткен ҚР Президенті бұл қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңірудің маңыздылығын бірнеше мәрте айтқан.
Айжан Сыдықова