Шымкентте шағын аудан халқы жылусыз қалды

Шымкентте Тұран-1 шағын ауданының тұрғындары қыс ауасында жылусыз қалды.

500-ге тарта отбасы жылу маусымы басталғаны бері ыстық суға жарымай келеміз деп наразы. Себебі жер асты құбырларында жиі апат болады екен. Тозған жүйелер пәтер иелерінің шағымынан соң ауыстырыла бастаған.

Тұран-1 шағын ауданының тұрғындарын коммуналдық мәселе әбден әбігерге салды. Қысты күні жылуға жарымай отырғандардың бірі Қалдыбаевтар отбасы. Биыл ғана қоныстанған олар электр пешін пайдаланып, тар бөлмеге тығыламыз деп ойламаған.

Лаура Қалдыбаева, қала тұрғыны:

- Қазір вообще авария деп өшіріп тастады. Жылы су вообще жоқ. Енді өзіңіз ойлаңызшы 3 баланы әрдайым шомылдыра алмаймыз және квартираның іші салқын. Отопление жоқ. Постаянно радиаторды қосамыз. Бәрі бір сол коммуналдық отоплениені төлейміз және светке де төлеп жатырмыз.

2017 жылы құрылысы аяқталған тұрғын үйлер көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға үлестірілген. Алайда 500-ге тарта пәтер иесінің қуанышы көпке созылмады. Жер асты құбырында ақау көбейіп, жылуға жарымай-ақ қойдық,-дейді.

Айдар Меңлібеков, қала тұрғыны:

- Жылу жоқ. Үйіміздің бәрі суық. Қазір уақытша показуха қылып қосты. Кешке жақын қайтып өшіріп қояды. Бұл үйдің берілгеніне 3-4-ақ жыл болған. Бұл жаңа микрорайон. Соның өзінде 3-4 жылға шыдамай жатыр. Өткен жылы да осы тема болған.

Ал жылу таратушы мекеме өкілдерінің сөзінше қазандықтан шыққан ыстық су тұрақты түрде тұрғын үйлерге жеткізіліп келеді. Жылу температурасы да талаптарға жауап береді. Тек қызмет көрсетушілердің салғырттығынан сүзгілер ауыстырылмай, құбырдағы ауа қысымы шығарылмай қалған, дейді

Нұрбек Орынбаев, жылу таратушы мекеме басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда Қуат жылу мекемесі жер төленің бірінші фриянсына дейін 5 давление әкеліп беріп тұрмыз. Температурамыз 70 градус. Фильтрден кейінгі давлениені көрсеттік. Екеуінің арасындағы айырмашылығы 1 атмосфера 4-5 көрсетіп тұр. Біз домды өшіріп халықтың көзінше фильтр ашқыздық. Ішінен мусор шықты. Тазалаттық, қостық қайтадан давление көтерілді. 

Жұрттың шағымынан соң тексеру жүргізген мамандар да жылу жүйелерінің сапасына сын тақты. Айтуларынша желтоқсан айының өзінде 600 метрден астам жер асты құбыр ауыстырылған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жылу маусымында құбырларды қайта ауыстырып жатқан коммуналдық мекеменің өкілдері бар кінәні мердігерге жауып отыр. Себебі ыстық суға шыдас бермеген құбыр әр жәрінен жарылып жатқанын айтады. Ал құрылысқа жауаптылар болса бұл уәжбен келіспейді.

Себебі олар тұрғын үйлердің кепіл мерзімінде ешқандай апат болмағанын алға тартады. Сондықтан тараптар ауыстырылған жылу құбырларына сараптама жасатып, сотқа жүгінбекші. Ал екі жақ бір-бірімен тартысып жүргенде тұрғындар жағы қыстың алдағы екі айына алаңдаулы.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов