Петропавлда былтыр тапсырылған жаңа үй тұрғындары тоңып отыр

Петропавл қаласында былтыр ғана тапсырылған жаңа үйдің тұрғындары бүрсең қағып отыр.

«Күннің суығында пәтерлер азынап кетеді», - дейді олар. Тұрғындардың айтуынша, құбырлардың бойымен болар - болмас қана жылу жүріп тұр. Бұл туралы құрылыс компаниясының өкілдері не дейді?

- Стеналар өте суық. Мына жерден қарасаңыздар, міне мына стеналар сұп-суық...

Мөлдір Мұқова осыдан бір жыл бұрын баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Бірақ бұл қуанышы көпке бармады.

«Жаңа үй салқын», - дейді ол. Енді әр бөлмені осындай электр пештермен жылытып отыр.   

Мөлдір Мұқова, қала тұрғыны:

- Мына бұрыштар өте суық. Мынаның астынан мына жерде жалаң аяқ тұрсаңдар жел мысалы үрлеп тұрады. Сондықтан кешке ұйықтаған кезде обогревательді қосып, тоже обогревательмен ұйықтаймыз. 

106 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйді жеке құрылыс компаниясы салған. Кәсіпкердің айтуынша, дәл қазір орталық қазандықтан беріліп жатқан жылу температурасы талапқа сай. Енді пәтер – пәтерді аралап тексереміз деді. 

Амангелді Тұрлыбаев, құрылыс компаниясының директоры:

- Проект бойынша салынған бұл үй. Проект экспертизаны өткен. Ол отопление бәрін. Сосын насостың күші жетпей, бұл жерде мәселе болған. Ол мәселені біз шештік. Басқа усиленный насос қойдық. 

Тұрғындардың айтуынша, жаңа үйдің кемшіліктері бастан асады. Жылудан бөлек ыстық су жоқ. Аула да абаттандырылмаған. Ал кәсіпкердің кепілдік мерзімі жарты жылдан кейін аяқталады. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Үй коммерциялық болған соң қалалық әкімдік қызметкерлері бұған ешқандай да қатысымыз жоқ деді. Бұл тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасындағы азаматтық – құқықтық қарым – қатынас. Яғни тараптар бір – бірімен келіспесе, сотқа жүгінуі тиіс. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков