Моноқалаларда қандай мәселелер бар?
Биыл моно- және шағын қалаларға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 2 есе өсті.
Бұл мақсатқа жұмсалған қаржы 34 млрд теңгеге дейін жетті. Нәтиже қандай?
Бұл Павлодар облысындағы Ақсу қаласы. 50 мыңнан астам тұрғыны бар. Алайда шаһардың инфрақұрылымына қатысты әлі де шешілмеген мәселе көп. Мысалы, мұндағы жекеменшік тұрғын үйлер орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Тиісті жұмыстар жақында ғана басталды. Моноқалада мемлекеттік бюджет есебінен 5 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Алайда, жұртшылық әлеуметтік және спорттық нысандардың жетіспеушілігін алға тартады.
Қанатбек Байманов, Ақсу қаласының тұрғыны:
- Бізде бір бассейн бар, бірақ ол бассейн тек қана осы жасөспірімдерге, спортшыларға арналған. Олар енді жаттығулар жасайды. Бізге, үлкен өтініш осы қала әкімшілігігіне басшыларына, үлкен бір бассейн керек. Содан кейін бізге балабақша керек. Жастар көп бізде, балаларымыз көп. Бізге жаңа балабақша керек.
Әкімдік өкілдері бұл мәселелер келер жылы шешіледі деп отыр. Сметалық-жобалық құжаттар дайын көрінеді. Тек қаржыландыру кешеуілдеп тұр.
Марат Зенов, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:
- Келесі жылы бізде мұз айдынындайындағанбыз. Бірақ әлі қаражат жоқ. Содан басқа жаңа сол төрт үйді жалғастыру жоспарда бар құрылысын аяқтап келесі жылы. Он төртінші, он бесінші шағын аудан бойынша жолдарын, барлық көшелерін асфальттауды аяқтау сондай жоспар бар.
Қарағанды облысы
Біз назарға алған тағы бір шағын шахар бұл Шахтинск қаласы. Экономикалық әл-ауқаты жыл санап жақсарып келеді. Былтыр мұнда 5 мың бизнес субъектісі болса, бүгінде олардың қатары 6 мыңға жуықтады. Бизнес бастамаларды жүзеге асыруға ұлттық жоба негіз болған. Моноқала билігі ірі кәсіпорындар мен кеніштерге тәуелділікті азайтып, кәсіпкерлік саласын әртараптандыруға кірісіп жатыр.
БЛИЦ:
1: Тұрып жатқаныма біраз болды. 8 жылдай болды. Қала өзіме ұнайды. Қазіргі уақытта барлығы енді-енді салынып, тұрғызылып жатыр.
2: Шахтиснк қаласын жастар қаласы деп айта алмаймын. Себебі мұнда жастарға арналған ештеңе жоқ.
Мұрат Қыдырғанбеков, Шахтинск қаласының әкімі:
- Бізде рейтинг бар, бизнесті жүргізу бойынша. Біз онда жақсы көрсеткіштеміз. Бізде шағын және орта бизнестен бөлек ірі, орта кәсіпорындар ашу керек. Бізде ол бойынша барлық мүмкіндік бар. Бұрынғы кәсіпорындарға жаңа инвесторлар келіп жатыр. Сонда жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Қазір инвестор іздестіру бойынша, қалаға тарту бойынша жұмыстар жалғасын табады.
Моноқалалар мен ауылдық жерлердің келешегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен тікелей байланысты болып тұр. Ал ондағы жобаларды жүзеге асыру әр аймақтың әкімдігіне жүктелген. Байқағанымыздай, елдімекендерде іркілістер де, ілкімді істер де жетерлік. Тиісті жұмыстарды жаңа оңтайлы жүйе арқылы біріздендіру қажет, дейді сарапшылар.