Досаев: Өктем сөйлеуімнің себебі бар
Өктем сөйлеуімнің себебі бар.
Бүгін журналистер алдында есеп берген Ерболат Досаев, осылай деп ағынан жарылды. Алматының әкімі ат терлетіп Астанаға келді. Қордаланған көп түйткілге жауап берді. Жағымды жаңалықпен де бөлісті. Оңтүстік шаһарда су жаңа мектептер мен аурухана бой көтереді. Көлік кептелісін реттеу жайы да назардан тыс қалмайды.
Тілшілер қауымының Ерболат Досаевқа қояр сауалдары, Алматы қаласының түйткілдері іспетті қордаланып қалғаны рас. Оңтүстік астанаға іздеп барсаң, оңайлықпен ұстата қоймайтын шаһар басшысы бүгін БАҚ өкілдерінің алдына өзі жетті. Онда да жылды қорытындылау үшін келді. Былайғы уақытта сұрағына жауап ала алмаған журналистер бұл жолы бірінен соң бірі сауалдарын жаудырды. Және ең біріншісі: Халық алдында неге өктем сөйлейсіз?
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Бірінші кездесулерде эмоциялар көп болған. Кездесу 5-6 сағат болды. Интернетте бәрі бар. Қарап шығыңыздар, қай жерде кіммен ұрсысып жатырмын ба, әлде жоқ па. Халықты сыйлаймын. Біреулер айтады, адекватный ма, жоқ па дейді. Оларды тыныш болуға шақырамыз. Мені естімегеннен кейін, біз де тірі адамбыз.
Көлік кептелісі шешімін таба ма?
Деп ақталған әкім ақырын Алматы қаласындағы кептеліс мәселесіне ауысты. Айтуынша, қалаға күн сайын орта есеппен 250-300 мың көлік қатынайды. Осыған байланысты келер жылы Құлжа тракті 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Саин көшесі мен Абай даңғылы қала межесіне дейін ұзартылады. Сейфуллин - Жансүгіров және Саин - Мөңке би жол айырықтарының құрылысы да аяқталады.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандыру үшін 2024 жылы Алматыға қаланың солтүстік, батыс және шығыс жағынан кіреберісте 3 кірме торабының құрылысы басталады. Сонымен қатар 2024 жылы Райымбек даңғылының бойымен Ахрименко көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзындығы 9 шақырым BRT салынып, іске қосылады. 2025 жылы Ахрименко көшесінен Абай көшесі арасында тағы 8 шақырым салынатын болады.
Алматыда автобус паркі жаңартылды
Ерболат Досаев, "бұдан былай жолаушылар аялдамада ұзақ тұрмайды" деп уәде берді. Өйткені Алматының автобус паркі мыңнан астам экологиялық таза автобустарға жаңартылды. Келер жылы тағы 100 троллейбус сатып алынады екен.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Алматыдағы метро белсенді дамып келеді. Биылғы жылы 3 қосымша жылжымалы құрам іске қосылды. Қозғалыс интервалы 5 минут 38 секундқа дейін азайды. Нәтижесінде Метродағы жолаушылардың легі 100 мың адамға дейін көбейді. Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық көліктегі жолаушылар легі тәулігіне 1,5 млн адамға дейін көбейді.
Алматыда жаңа 22 мектеп салынады
Осы жылы қыркүйек айынан бастап 30 білім ордасында "Мектеп автобусы" жобасы іске қосылып, оқушыларды тасымалдауға арналған 100 жаңа техника сатып алынды. Бүгінде Алматыда 23 мың 100 орындық 13 мектептің құрылысын бастау туралы меморандумға қол қойылды. Тағы 12 мың оқушыға арналған 8 мектептің құрылысы бойынша жеке инвесторлармен бірқатар келісім жасалды.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Биыл жыл басынан бері 5 мың 920 оқушы орнына есептелген 21 мектеп пен қосымша құрылыс пайдалануға берілді. Оның ішінде 3 мың 450 орындық 16 жеке меншік мектеп, 1500 орындық 1 мемлекеттік мектеп пен тағы 470 орындық 4 қосымша ғимарат салынды.
Сейсмикалық қауіпсіздік
Зілзала десе, Алматының ойға оралатыны анық. Сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту үшін осы жылдың қазан айында 16 мың 700 ғимаратқа сейсмикалық аудит басталды. 2023 жылдың соңына дейін 3 жарым мың нысанды тексереді.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Жергілікті атқарушы органдарға объектілердің сейсмикалық төзімділік тұрғысынан қалалық құрылысты бағалау функциясымен беру қарастырылуда. Жер сілкінісін ерте ескертетін 28 сейсмикалық станция орнатуды толығымен аяқтадық. Төтенше жағдайда зардап шеккен халықты қабылдайтын 545 жаңартылған пункт анықталды.
Медициналық орталық салынып жатыр
Мегаполисте жаңа стандарттарға сай келетін 2 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы мен 1 емхана ашылды. Бүгінде тағы 4 орталық салынып жатыр. Үш мыңнан астам дәрігер Түркия, Германия және Израиль клиникаларының базасында қайта даярлаудан өтті. Жалпы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі биыл 36,5 млрд теңге болса, 2024 жылы 41 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
Мирлан Алтынбек